Алматы облысында тұтастай бір ауыл жойылып кетудің алдында тұр
Алматы облысында тұтастай бір ауыл жойылудың алдында тұр. Себебі, 12 жыл бұрын жергілікті тұрғындар өздеріне тиесілі жер телімдерінен айырылған. Жайылымсыз қалғандар жаппай көшуде. Кербұлақ ауданы, Бостан ауылындағы халықтың жерін «Алатау Дейри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 49 жылға жалға алған. Алайда инвестор құжаттағы талапты толық орындамай отырған көрінеді.
Автор: Әсем Қабылбек
30.07.2019
- Бұл жерге біз 96 жылдан бері арпа егетінбіз, картоп егетінбіз...
Рафик Досмайылов Кербұлақ ауданы, Бостан ауылының тумасы. Жер игеру атадан қалған кәсібі. Әр гектарынан тонналап өнім алатын күндері бүгінде көз алдынан бұлбұлдай ұшқан. Инвесторға жер телімін жалға бергесін шаруасы кері кеткен.
Рафик Досмайылов, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
- Былтыр мен көшіп кеттім. Енді мында ешқандай жағдай жоқ. Мен Қарабұлаққа көшіп кеттім. 2007 жылдан кейін бір түйір дән алған жоқпын. Бұлар біздің жерімізді алаяқтықпен алып алды. 45 гектар жерімді бердім.
Бостан ауылындағы 104 тұрғын өздеріне тиесілі жерді даулағанына 12 жылдың жүзі болды. Үш рет азаматтық сотта арыздары қаралғанмен, жеңілген. 2007 жылы «Алатау Дейри» серіктестігі шаруалардың жер телімдерін 49 жылға жалға алады. Жалпы аумағы 2 мың гектарға жуық. Оған дейін «Бостан» өндірістік кооперативінің қол астында асылтұқымды 400 бас сиыр мен 120 бас жылқы болған. Техника да жеткілікті. Ет пен сүттен тарықпаған жұрт қазір қол қусырып отыр.
Марат Төлегенов, Бостан ауылының тұрғыны:
- 24 трактор, 18 автомашинамен осы «Бостан» өндірістік кооперативіндегілер өз жанын өздері бағып жатқан. Оған артымызда тұрған көпшілік куә. Бірі малшы, бірі сауыншы, бірі шопыр, бірі механизатор болып жан баққан. Қазір сол күнімізге жете алмай, осындай жағдайға ұшырадық.
Жоспарға сәйкес, «Алатау Дейри» серіктестігі Бостанда сүт кластерін құруы тиіс еді. Тіпті сүт зауытын ашуды жоспарлапты. Асылтұқымды сиыр өсіріп, сүт өнімдерін өңдеу жөніндегі бастама сөз күйінде қалды дейді.
Қайрат Оразбаев, Бостан ауылының тұрғыны:
- «Алатау Дейри» тек қана жерді өңдеп, жерге сеуіп қайтадан шауып алады. Мал жоқ, жұмыс жоқ. Біз сол жерден айырылып басқа бізде сұрақ жоқ. «Жерімізді қайтар» дейміз.
Роза Сапанова, Бостан ауылының тұрғыны:
- Бұлар анау Алматы облысы Нарынқол ауданындағы Қызылшекара, Шалкөде деген ауылдарды тура осындай жағдайға келтіріп, ол жақтың халқы оларды қуып жіберген. Олардың бар техникасын осы жаққа алып кеткен.
Соңғы жылдары Бостан ауылында мынандай қаңыраған үйлердің қатары көбейген. Қазір мұнда 60 түтін бар. Жерден несібесін айырып отырған жұрт туған ауылын амалсыздан тастап кетуге мәжбүр. Себебі, мұнда жұмыс жоқ.
Елді мекен жыл өткен сайын тозып, адам саны азайып барады. Ауылдағы 250 орындық мектепте 90 оқушы білім алады. Жартысы қаңырап бос тұр. Мәдениет үйінің сиқы мынау. Шөбі шүйгін ауылда мал азығын жинайтын жер қалмаған. Ал, жер телімдерін 49 жылға жалға алған инвестор кооперативтің 12 млн теңге салыққа қарызын жаптық. Талапты толықтай орындадық. Өздері жұмыс істеуден бас тартты дейді. Бүгінге дейін ауылға 1 млрд-тан аса инвестиция құйғанын алға тартады.
Болат Жазылбеков, «Алатау Дейри» ЖШС құрылтайшысы:
- Келісім бойынша шабындығы, мал жаятын жерлері өздерінде. Бірақ олар үшін осы күнге дейін салықты біз төлеп отырмыз. 2012 жылға дейін сиырды ұстадық. Бірақ жұмысшылардың тапшылығына байланысты сиырларды ол жақтан алып кеттік. Және де көрші ауылдардан таңғы сағат 5, 6-да барып жұмысшылар жинадық. Ауылдың жұмысшалары шықпады жұмысқа.
Кербұлақ ауданының атқамінерлері бұл дауға енді араласа алмаймыз дегенге меңзеп отыр.
Мадияр Исебаев, Кербұлақ аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- 49 жылға берілгендіктен жер болғандықтан біз ол жерде олар өзара хаттама жасап, өздері араларында келісім-шарт болған.
- Қаулыны әкімдік шығарған ғой?
- Қаулыны сол хаттамаға негізінде әкімдік шығарған.
Заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, ортақ базада жер телімдері тұрғындардың атына тіркелген. Яғни жердің заңды иесі солар.
Бақытжан Базарбек, заңгер:
- Жоғары Соттың нормативтік қаулысына сәйкес, шартты жер үлес иелері өзінің шартты жер үлестерін қайтаруға құқығы бар, егер қайтарам десе.
Суармалы, шабындық пен егіске жайлы жерден айырылған жұрттың жалғыз талабы жерді өздеріне қайтару. Енді істің ақ-қарасын Алматы облыстық мамандандырылған экономикалық соты анықтамақ. Алғашқы отырыс 1 тамызда Талдықорғанда өтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!