{metadescription}
Қазақ-өзбек шекарасында енді жүк көліктері кептеліп тұр
Қазақ-өзбек шекарасында енді жүк көліктері кептеліп тұр

Қазақ-өзбек шекарасында енді жүк көліктері кептеліп тұр

Қазақ-өзбек шекарасында тағы дау шықты. Бұл жолы жүк көліктерінің жүргізушілері наразылық білдірді. Екі елдің арасында тонналап жүк таситындар апталап шекарадан аса алмай жатырмыз деп ашынады. Тез бұзылатын тауарларын тиісті жеріне жеткізе алмай шығынға ұшырап жүрген олар кеденшілер мен шекарашыларға да жем болғанын айтады. Ал бекеттегі басшылар мұны теріске шығарумен әлек.

Қазақ-өзбек шекарасындағы онға жуық бекеттің бірі Қапланбек кеден бекеті. Жүргізушілердің сөзінше, 4 айдан бері бұл бекеттен өту мұңға айналған. Мыңдаған шақырым жол жүріп шепке келгенде он тәулікке дейін тұрып қаламыз дейді. Осының кесірінен тауарлары бүлінуде. Мәселен, Мәскеуден Ташкентке йогурт әкеле жатқан Давлат есімді мына жігіт 3 күннен бері осында тұр.

Давлат Рахимов, жүргізуші (Өзбекстан):

- Мен тауарды екі күн бұрын жеткізуім керек еді. Оның орнына үшінші тәулік мына жерде жатырмын. Өзбекстан мен Ресей арасына үнемі қатынаймын, дәл сіздердің шекараларыңызда үнемі осы жағдай.

Көліктердің дені кеден бекеті жанындағы мынадай жағдайы жасалмаған автотұрақтарда аялдауға мәжбүр. Не әжетханасы, не дәмханасы жоқ май топырақ арасындағы мұндай автотұраққа кіру екі жарым мың теңге. Жүргізушілер кедендегі кезегін күтіп бірнеше тәулікте жеткенде, шекарадағы мамандарға тағы жем боламыз деп шағымданады.

Азамат Бауыржан, жүргізуші:

- Мөр басып бергені үшін жәй ғана сол 50 мың теңге сұрайды. Машинаны тексермей-ақ өткіземіз деп, оған да ақша сұрайды. 100 долларға дейін сұрайды, одан көп болуы мүмкін. Рентген бар неге рентгеннен өткізбейді. Неге итті тез жеткізіп, өткізудің әрекетін жасамайды?     

Ал тасымалдағы заты бүлініп, межелі уақытында жеткізбегені үшін тауар иелері де ақшадан да қағады екен. Мынадай ыстықта балмұздақ пен экспорттағы банан түгілі ағаш та бүлініп жатыр

- Міне, тақтайлар қарайып кетті. Шіри бастаған. Мұны сосын клиентіміз қалай алады? Ал шекарадағылар дұрыс жұмыс істемей жатса, менің не кінәм бар?

Ал шекарашылар өздеріне шаң жуытпайды. Олар жүргізушілерге қызмет көрсетіп жатқан 1 терезе жеткілікті дейді. Қақпа ішінен ғана жауап береміз деген шекарашылар былықтың барлығын сырттағы алаяқ делдалдарға сілтеді. Ақшаны жұрттан солар алдап алады екен.

- Мысалы, сіз көлік жүргізушісіз делік. Мен бекет қызметкерімін. Арамызда әлдебір делдалдар жүреді. Солар «Бәрін реттеп қойдым. 50 мың теңгені бере қойыңыз, мен оны шекарашыларға беремін. Олар сізді жібереді» дейді. 

Шекарашылар алаяқтарды тайраңдатып қойған полицейлерді кінәлады. Ал есік алдына жиналған жүргізушілердің алдына шыққан кеденшілер жұрт айтқан 20-25 көлік емес, күніне 150 көлікке дейін өткізіп жатырмыз дейді. Олар бар кінәні Өзбекстан аумағындағы ескі көпірден көреді.

Ғалымжан Күлбаев, Қапланбек кеден бекетінің бас маманы:

- Біздің Қазақстаннан шығатын автокөліктердің проблемасы болып тұр. Ол жерде мынау нейтральный зона дейміз ғой, Өзбекстан жаққа оформлениесі тұрып қап жатыр шынында. Жаңағы мосттың жарамсыздығы болып тұр. Екі машинадан артық тұруға болмайды, мост аварийный деп айтылған.

Жүргізушілердің айтуынша, оңтүстіктегі оншақты кеден бекетінің барлығында осы жағдай. Екі елдің арасындағы барыс-келіс үдейтін сәуір мен қараша айы арасында жүргенімізден тұрғанымыз көп деген олар мәселеге жоғарыдан мән берілгенін қалайды. Әйтпесе, тауар тасып, нәпақа тауып жүргендер шекарадағылардың жемі болып кеттік деп налып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде