Көкшетауда коммуналдық қызмет тарифін қолдан жасаған басшылар сотталды
Тарифті қолдан жасаған. Облыс орталығын жылумен қамтамасыз ететін «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының тұтынушыларын 3 жыл бойына алдап келген. Осыған кінәлі деп танылған 5 бірдей шенеунікке бүгін сот үкім кесті.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
30.07.2019
2015-2018 жылдар аралығында тұрғындар жылу үшін 1 миллиард 300 миллион теңге артық төлеген. «Көкшетау жылу» кәсіпорынының бас директоры Сергей Жуков пен орынбасары Гауһар Алтынсарова заңсыз құжаттар толтырып, жауапты мекемеге тапсырып отырған. Қолдан жасалған тарифті департамент басшылары да «байқамаған» болса керек. Прокуратура тексерген кезде ғана олардың былығы ашылды. Осыған қатысты өткен сотта Ақмола облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Ербол Есіркепов 300 айлық есептік көрсеткіш яғни 680 мың теңге айыппұл арқалады. Оның орынбасары Әсет Құрашев пен Ольга Кучарь 6 айға дейін бостандығы шектелді. Сот үкімі бойынша, коммуналдық кәсіпорын басшылары да айыппұл төлеуі тиіс.
Қайрат Хасенов, Көкшетау қалалық сотының судьясы:
- Сот Сергей Жуковты кінәлі деп тауып, 1 миллион 200 мың теңге, Гауһар Алтынсароваға 500 мың теңге айыппұл төлеуге үкім кесті. Сондай-ақ олар бұдан былай мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Кәсіпорын тұтынушыларға 800 миллион теңгесін қайтарып үлгерген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!