Ішкі істер министрі Заречный түрмесінде болған оқиғаны «масқара жағдай» деп мәлімдеді
Қылмыстық-атқару жүйесіндегі масқара жағдай! Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы облысындағы Заречный түрмесінде сотталғандарды азаптаған атышулы оқиғаны осылай бағалады. Оның айтуынша, түрме ішінде түсірілген 40 бейнежазба мен аудиофайл жіті тексерілген. Министр темір тордың ар жағында қызметкерлердің сотталғандарды қинап, құзыретін асыра пайдаланғанын мойындады.
Автор: Мақсат Мәлік
30.07.2019
Ерлан Тұрғымбаев, Ішкі істер министрі:
- Кеше жедел шаралардың нәтижесінде сол колонияның 5 қызметкері ұсталды. Екі қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандардың біреуі түрме бастығының орынбасары. Қылмыстық іс Алматы облыстық прокуратурасына берілді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Аталмыш оқиға біздің қылмыстық-атқару жүйесіндегі масқара жағдай.
ЛА-155/8 түзеу мекемесінде сотталғандарды шырқаратып азаптаған оқиғаның бейнежазбасы өткен аптада тараған болатын. Жасырын камераға түсірілген жазбаның бірінде абақтының спорт залында түрме қызметкерлерің жазасын өтеушіні еденге етпетімен жатқызып, күштеп қолын байлаған сәті түсірілген. Тіпті, көрші бөлмеде тағы бір сотталушының қолын қайырып, аяғын жерге тигізбей іліп тастаған. Сорақысы сол, қызметкердің біреуі тізесімен әбден қиналған сотталушынының басын соққылайды. Шулы оқиғадан соң түрменің жеті қызметкері жұмыстан босатылды. Қызметімен қош айтысқандардың арасында түрме бастығы және оның екі орынбасары бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!