{metadescription}
«Астана LRT» компаниясының экс-басшысына халықаралық іздеу жарияланды
«Астана LRT» компаниясының экс-басшысына халықаралық іздеу жарияланды

«Астана LRT» компаниясының экс-басшысына халықаралық іздеу жарияланды

«Астана LRT» компаниясының экс-басшысына халықаралық іздеу жарияланды. Талғат Арданға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қылмыстық іс қозғап, оны түрмеге тоғыту туралы сырттай сот шешімі шығарылып та қойған. Десе де, бұл жағдайдың Нұр-Сұлтан қаласындағы жер үсті метросы құрылысының тұралап қалуына қатысы бар-жоғы айтылмай отыр.

Ал, басы даудан арылмаған жеңіл рельсті көлік жүйесіне келсек, құрылыс жобасын шенділер қайта қарап, енді оған жұмсалатын шығынды қысқартып жатыр. Ол үшін пойыздар мен аялдамалар санын о баста жоспарланғаннан әлдеқайда азайтпақ.

Кезінде мақтауы асырылған жер үсті метросының құрылысы әлі тұралап тұр. Сөзде семіз болғанмен, істе арық шыққан жобаны Президенттің өзі қатаң сынға алған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені шегіне жеткізуді бұйырған. Міне, содан бері билік өкілдері құрылысты қайта жандандыру жолдарын жоспарлап жатыр. «Астана LRT-ның» экс-басшысы Талғат Арданның мәселесі де майшаммен қаралған. Бүгін оған халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды.

Бекмырза Игенбердинов, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы:

- Қылмыстық істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының департаменті қозғады. Қазір Талғат Арданды қамауға алу туралы сырттай сот шешімі бар. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Енді мәселемен Интерпол айналысып жатыр.

Айта кетейік, Талғат Ардан 2017 жылы қызметінен босатылған. Араға бір жыл салып экс-басшыға қатысты тергеу басталды. Сөйтіп, оның қызметтік бабын асыра пайдаланғаны анықталған. Тіпті, қашқын «Астана LRT-ның» бюджетінен әлдебір мердігер компанияға 300 миллион теңгені аударып жібергені белгілі болыпты. Яғни, сол кезде белгіленген лимиттен 125 миллион теңгеге артық ақша құйылған. Бірақ, үкім бойынша оның нақты неге кінәлі деп танылғаны белгісіз. Ал, құрылысы сағызша созылған жер үсті метросына келсек, оның жобасын атқамінерлер қайта қарап шықты. Әрі көрпеге қарай көсіле бастапты. Яғни, жоба шығынын барынша қысқартқан. Мәселен, жылжымалы құрам санын 19-дан 12-ге азайтқан. Осылайша, 40 миллион доллар, яғни, 15 миллиард теңге үнемделмек. Бірақ, мұндай жағдайда пойыздардың жүру интервалы 3-тен 10 минутқа ұзарады. Сондай-ақ, шығынды қысқарту мақсатында аялдамалар да азайтылмақ.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Егер бүгінгі кезеңде бізде жалпы 18 аялдама болатын болса, біз 11 аялдамаға дейін қысқартуды көздеп отырмыз қазіргі таңда. Сонымен бірге, жерасты жаяу жүргінші жолы да қысқартылатын болады. Бұл 110 млн АҚШ долларын немесе 40 миллиардтан астам қаражатты үнемдеуге келеді.

Бәрін қосқанда 1 миллиард 200 миллион доллар үнемдеу көзделіп отыр. Айта кетейік, о баста құрылысқа қажетті ақша Қытай даму банкінен қарызға алынған. Ол қарыздың жалпы соммасы 1,8 миллиард доллар. 20 жыл ішінде қайтару пайызымен есептегенде 2,6 миллиард долларды құрауы керек болатын. Енді қарызды қайтару мерзімін қысқарту арқылы да қаржы үнемделмек. Сондай-ақ, бұдан былай қарызды сырттан емес, іштен алады.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Үкімет бұл жобадан бас тартты. Ішкі қарыз жүйесіне көшетін болдық. Осындай шешім қабылданды. Нәтижесінде 800 миллион АҚШ доллары үнемделеді.

Айта кетейік, бас қалада салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жүйесі «Нұрлы жол» теміржол вокзалы мен әуежайды байланыстыруы тиіс. Тағдыры қиын жобаны қалай да шегіне жеткіземіз деген жауаптылар оның мақтауын әлі де асыруда.

Әділша Ермұханов, «LRT құрылысы жөніндегі дирекция» ЖШС бас директоры:

- Дубайдағы метроны білетін шығарсыздар. Бұл – таңғажайып көлік. Нұр-Сұлтан қаласындағы метро соған ұқсас болады. Дәл солай түгел автоматтандырылады. Сондай жайлылық жасалады. Платформалық есігі де, тіпті, пойыздары да Дубайдағы метронікіндей болады.

Енді жоба 2020 жылдың аяғына дейін бітеді деген болжам бар. Десе де, жуырда жеңіл рельсті көлік желісін салуға арналған ақшаның бір бөлігі тақырға отырған «Астана банкінде» бұғатталып тұрғаны мәлім болды. Премьер-министр ол ақшаның қала әкімдігіне берілетінін, әрі жоба құрылысын жалғастыруға жұмсалатынын мәлімдеді. Бірақ, әзірге құрдымға кеткен «Астана банкінде» қалған қаражаттың бар-жоғы 5 пайызы ғана кері қайтарылыпты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде