{metadescription}
Қаскелеңде бүтін бір ықшамаудан үш жылдан бері ауыз сусыз отыр
Қаскелеңде бүтін бір ықшамаудан үш жылдан бері ауыз сусыз отыр

Қаскелеңде бүтін бір ықшамаудан үш жылдан бері ауыз сусыз отыр

Аңқасы кепкен аудан. Алматы облысында бүтін бір ықшамаудан үш жылдан бері ауыз сусыз отыр. Қаскелең қаласының іргесінде тұрғанмен, тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар тығырыққа тірелген.  Амалдың жоқтығынан, қолмен құдық та қазған. Бірақ, одан шыққан су тек ыдыс жууға ғана жарамды екен. Ал, атқамінерлердің жұртшылық базынасына айтар өз уәжі бар.

Қаскелең іргесіндегі бұл ықшамауданның құрылғанына көп болмады. Бүгінде 80 түтін бар. Үй салғанмен, көңілдері жайланбаған жұртшылық ауыз судың азабын тартумен келеді. Кейбіреулері қолдан құдық қазған. Бірақ, оның суы кір жуып, шайынуға болмаса, ішуге мүлде жарамсыз. Құдықты қаздырудың өзі қып-қызыл ақша. 500 мың теңге тұрады. Сорақысы сол, аяқ-қолға тұрмайтын ойын баласы кейде суын ішіп, дертке шалдыққан кез көп болған көрінеді.

Қанипа Дінішева, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- Судан көріп отырмын. Өйткені бала жүгіріп барады да, кранды ашып ішеді. «Әй, ішпе» дегенше болмайды, ішіп қояды. Ішек ауруына шалдығып, ауруханада бір апта жатты. Бірақ анализдері әлі дұрыс емес.

Күнделікті ауыз суды сатып алуға тұрғындардың қалталары көтермейді. Ал, қолжетімді деген тіршілік нәрінің ең жақыны 5-6 шақырым жерде орналасқан. Жаз айларында жаяулатып та тасыса, қыста амалдың жоқтығынан қардың суын да еріткен кездеріміз болды дейді.

Божай Бекен, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- Қардың суын ішейік деп ерітіп көрдік. Ішіп көрсек, қышқыл, ащы екен. Сосын бұдан уланып қаламыз ба деп қорықтық. Бетінде кішкене қара майы тұрады екен. Үйімізге қонақ келсе, көктем мен күзде солардың алдынан резеңке етік және кәлөш алып шығамыз. Оларды киіндіріп, үйге батпақтатып алып келеміз.

Жаңбыр жауса лай-батпақтан жүре алмай қалатын тұрғындар күйі кеткен көшенің де көрінісіне наразы. Күн ысыса шаңға айналады. Тіпті, ой-шұңқырларын жамау үшін жыл сайын 20 мың теңгеге тас сатып алып, төсеуге мәжбүр. Көшені толық жөндеуге кемі 40 жүк көлігі тиелген тас қажет дейді жұртшылық. Бірақ, құм аралас жолды құрылыс материалдарын жеткізетін сол камаздардың өзі ойып тастайын көрінеді. Сондай-ақ, заңды құжаттары болса да бұл көшелерге әлі атау берілмеген. Сондықтан, төртінші, немесе он сегізінші орам деп өздері атап кеткен.  

Құныпия Нұрқаев, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- Көшенің аты жоқ. Неге екенін мен білмеймін. 18-квартал деп қояды. Біреулер 4 дейді, біреулер 18 дейді, соны өзіміз де жақсы білмейміз. Құжатта ештеңе көрсетілмеген. Құжаты бар. Бірақ көшенің аты жоқ.

Атқамінерлер бұл жағдайдан хабардар. Аудан осыған дейін Қаскелең қаласының шекарасына кірмегесін қараусыз қалғанын алға тартады. Енді үй салып, қоныс тепкен тұрғындар көбейгеніне көздері жеткесін бұл мәселеге білек сыбана кірісеміз деп отыр. Ықшам ауданға су тарту жоспарда бар, алдағы уақытта толық қамтамасыз етеміз деп уәделерін берді.

Бақдәулет Тәліпов,  Қарасай ауданы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қаскелең қаласының әкімдігі алдағы уақытта ол жерге құбыр орнатуды жоспарлап қойған. Сөйтіп, тұрғындарды сумен қамтамасыз етілмек. Жол мәселесі, көшелерге атау беру мәселесі бойынша біз оны облыстық ономастикалық бөлімге тапсырып қойғанбыз. Қазір ол қарастырылуда. Алдағы уақытта жауабы шықса, көшелердің атауын береміз.

Қиындығын күйттеген тұрғындардың мәселесі қашан шешілетіні белгісіз. Себебі, жоспарға енгенімен нақты уақыты белгіленбепті. Сондықтан, ықшам ауданның тұрғындарына ауыз суды алыстан тасып, жамау жолмен әлі де біраз уақыт жүре тұруына тура келетін сыңайлы.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде