{metadescription}
«Сол үшін баламызбен сөзге келеміз». Алматыдағы №130 мектепте ақша жинау тоқталмай тұр
«Сол үшін баламызбен сөзге келеміз». Алматыдағы №130 мектепте ақша жинау тоқталмай тұр

«Сол үшін баламызбен сөзге келеміз». Алматыдағы №130 мектепте ақша жинау тоқталмай тұр

Мұғалімге ақша тасудан шаршадық. Оқу маусымы басталар тұста алматылық ата-аналар ақша жинайтын ұстаздардың әрекетіне наразылық білдірді. Олардың айтуынша, қазақ әдебиетінің құлагері Ілияс Жансүгіровтың есімін иеленген №130 гимназия нағыз бизнес орталығына айналған. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімі қит етсе ақша талап етіп, ата-аналардың аузындағысын жырып алатын көрінеді. Ал қарсы келгендердің балаларына күн көрсетпей, намысына тиеді дейді ашынған ата-аналар.

Ілияс Жансүгіров атындағы №130 гимназияның маңына жиналған саусақпен санарлық ата-аналардың айтар арызының салмағы басым. Жылу жинаған ұстаздардан жалықтық деген олар, әсіресе бастауыш сынып мұғалімі ақшаға әбден құныққанын айтады. 

Элвира Данабаева:

- Қорға бес мың бердік. Соны жинаған кезде «Апай, бұдан кейін ақша жинала ма?» деп сұрадым. Ол «5 мыңмен бітті, бірінші сыныпты бітіреміз. Енді ешқандай ақша жинау деген болмайды» деп уәде берді. Бірақ одан кейін терезе жууымыз керек деп, бүкіл ата-аналардан 900 теңгеден жинап алды.

Ғайша Бақтиярова:

- Балалардың тамағына зорға жеткізіп жатқан кезде, қашан көрсең, ақша сұрап жатқаны. Қыркүйектен ақша жыры басталады. Қосымша дәптеріне деп 12 мың теңге бір жинап алды. Одан кейін қорға деп бір жинап алған. Әр мерекелерде ақшалай сыйлық беріп отырамыз. Сіздің ыдыс сияқты майда-шүйделеріңізді менсінбейді. Сонда бұл білім ордасы ма, бизнес орталығы ма?

Білім ордасындағы былықтың бетін ашқандар өзгелер баласының болашағына қорқып, қарсы келмейді дейді. Бірақ, жөнсіз ақша жинаудан қажығандар дәлел ретінде мұғаліммен жазысқан хаттарын көрсетті. Тіпті, дәніккен ұстаз ақша әкелмеген оқушының жер-жебіріне жетіп, намысына тиетін көрінеді.

Элвира Данабаева:

- Үш  балам бар, пәтер жалдап отырған адаммын. Балам сабақтан келгенде «Мама, сізде ақша жоқ екен ғой. Маған апай 2800 теңге болмайтын ақша деп айтты ғой. Сіз сол ақшаңызды маған қимайсыз ба?» деді. Содан үш күн екеуміз сөйлеспей жүрдік.

Ата-аналар иегінің астындағы сорақылыққа көз жұма қараған мектеп басшылығына қапалы. Шыдамы шегіне жеткендер әуелі аудандық білім бөліміне шағымданыпты. Ал, арызын арқалап білім ордасына бас сұққанда директорды ешкім орнынан таппады.

- Директор қайда? Кеше ғана алдарыңызда болып кеттім ғой. 16-сына екі шарт қойып кеттім. Нұргүл Тұрғановнаны 2 «ә» сыныбынан алып тастады. Енді заңсыз ақша жинауды тоқтатыңыз дедім.

Алғашында қызметкерлер директордың кезекті еңбек демалысына кеткенін айтқан. Алайда, санаулы сағаттан соң жанұшыра жеткен мектеп басшысы қарамағындағылардың сөзін жоққа шығарды. Асып-сасқан жетекші қызметкерінің ата-аналардан заңсыз ақша жинағанын мойындады.

Әлия Қасқырбаева, І. Жансүгіров атындағы №130 гимназия директоры:

- Ақша жинаумен бастауыш сыныптың жетекшісі айналысқан. Оқушыларға жұмыс дәптерін сатып алу үшін жинаған екен. Оны өзі толықтай мойындады. Содан кейін дәптерді сатып алған дүкенге тапсырып, ата-аналардың ақшасын қайтардық. Оған заңсыз әрекеті үшін қатаң сөгіс жарияланды. Бізде мұндай жағдай бірінші рет болып тұр.

Алайда, директордың уәжіне қанағаттанбаған ата-аналар ұстаздық атқа кір келтіргендердің жұмыстан кетуін талап етті. Егер шағымдары аяқсыз қалса әрі қарай прокуратураға арызданбақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде