Биыл мектеп түлектерінің грант иелену мүмкіндігі жоғары болған
Бүгін мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Биыл мектеп түлектерінің оны иелену мүмкіндігі жоғары болған. Яғни орташа есеппен 1 грантқа таласатын адамның саны біреуден сәл-ақ асады.
Автор: Ербол Тұрымбет
01.08.2019
Фатима Жақыпова, Білім және ғылым министрінің орынбасары:
- Жалпы, биыл конкурсқа 53 785 грант бөлінді. Қатысушылардың саны 64 452 адам болды. 1 грантқа орташа 1,29 адамнан келді. Гранттардың 45 пайыздан астамы инженерлік, сонымен қатар, құрылыс, IT мамандықтарға бөлінген.
Вице-министрдің айтуынша, білім грантын иеленгендер тізімі анықталғаннан кейін апелляциялық шағымдар қарастырылмайды. Дегенмен, әркімнің шағым жазуына құқығы бар. Айта кетерлігі, бұл гранттар саны осымен шектелді деген сөз емес. Көпбалалы отбасылардан шыққан талапкерлерге қосымша 5 мың грант бөлінеді. Ол үшін тамыздың 5-і мен 15-і аралығында облыстар мен үш республикалық қаланың әкімдіктеріне өтініш жазып, онда көпбалалы отбасынан шыққанын анықтайтын құжатын көрсетуі керек. Оған қоса, жергілікті әкімдіктер жыл сайын кемінде 3 мың грант бөліп отыр. Барлығын есептей келгенде, биыл ҰБТ тапсырған 64 мыңнан астам талапкердің шамамен тек 3 мыңы ғана гранттан қағылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!