«Астана LRT-ның» басқа да лауазымды қызметкерлері істі болып жатыр
«Астана LRT-ның» экс-басшысы Талғат Арданмен бірге осы мекеменің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл жайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Автор: Әсел Тұмашқызы
01.08.2019
Даудан көз ашпаған мекеменің бұрынғы топ-менеджерлері қазына қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген. Дегенмен, Ұлттық бюро қылмыстық іске қанша адамның қатысы барын және қанша қаржы қолды болғаны жайында жақ ашпады. Оның үстіне жеңіл рельсті көлік жүйесінің құрылысына жауапты Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланғанымен, жасырынған жері әлі белгісіз. Сондықтан тергеудің қашанға дейін созылатыны беймәлім.
Данияр Бекайдаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірінші департаментінің аға тергеушісі:
- Олар «Астана LRT» жеңіл рельсті көлік жолдары жобасы бойынша бюджет қаражатын жымқырған. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің департаменті тергеу жүргізуде. тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты толықтай ақпаратты бере алмаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!