«Өлікті мойныңа ал». Шуда полиция мен тұрғындар арасында қақтығыс бола жаздады
Шуда тәртіп сақшылары мен тұрғындар арасында жанжал болды. Бұл дауға полицейлердің кезекті құрықтау операциясы себеп. Жұрт «құзырлы орын өкілдері жазықсыз жанның көлігіне есірткіні өздері әдейі салып, оны тұтқындамақ» деп дүрлікті. Даурыққан ел осылайша полицейлерге тінту жұмысын көзінше жүргізуді талап етті. Машинадан есірткі табылды ма? Топ болып қарсы тұратындай күдікті кім еді?
Автор: Руслан Әбдіхалық
01.08.2019
Екі кеште полицейлер үш көлікпен мына «аудиді» бүйірден қысып тоқтатады. Сөйтіп жүргізушінің қолына кісен салып, машинаға тінту жүргізбек болған. Бірақ аяқ астынан қаптаған жұрт бұған жол бермеді.
Жұрттың бұлай бұлдануы бекер емес. Сөздеріне сенсек, полицейлер жазықсыз жанға жала жаппақ болған. Яғни көлігіне есірткіні өздері тастап, оны түрмеге тоғыту ниеті бар дейді. Ал тәртіп сақшылары күдіктінің көлігін көптің көзінше мұқият тексерген. Бірақ ештеңе табылмады.
- Дым жоқ, міне, қара. Орындықты қара. Таза ма? Таза!
Естеріңізде салсақ, бір ай бұрын Шу қаласында полиция майоры айуандықпен өлтірілген. Сол қайғылы жағдай мен осы жанжалдың байланысы бар дейді шулаған жұрт. Көлігі тінтілген азамат – марқұм тәртіп сақшысының қайын ағасы. Біржанның айтуынша, құқық қорғау органдары күйеу баласының өлімін оның мойнына жүктемек болған көрінеді.
Біржан Халық, Шу қаласының тұрғыны:
- Олар маған қысым көрсетті. Күйеу балаңның өлімін мойныңа ал деді. Болмаса анашаңды лақтырып, осы жақтағы балалардың бәрін жабамыз деп қорқытқан. Димаш, Елдары бар, бүкіл полицейдің бәрі келді.
Ал отағасынан айырылған екі баланың анасы жолдасымның қазасына әріптестерінің қатысы бар деп күдіктенеді. Қайғыдан қан жұтқан келіншек ішінде біраз шындықтың бүгіп жатқанын жасырмады. Бірақ жария қылуға жақындарым үшін қорқамын дейді.
Мөлдір Халық, Шу қаласының тұрғыны:
- Ауруханада жатқанда, маған СМС жазды. Маған бірдеме болса, сен мен үшін жауап аласың деді. Сол кезде Алметов Асхаттың, Димаштың аты, барлық бастықтардың есімі аталған. Қанша айтылса да, олар кінәні өз жағына емес, менің бауырыма артып, мойнына іліп жібереміз дейді.
Полиция департаментінің басшылығы көліктен есірткінің қоқымы да табылмағанын мойындады. Сөйтіп, күдіктілер босатылыпты. Сондай-ақ, осы дау мен өртеп өлтірілген полиция қызметкері арасында еш байланыс жоқ дейді.
Темірбек Оразымбетов, Жамбыл облыстық ПД бастығының орынбасары:
- Ұсталған үш адамға моральдық жағынан ешқандай қысым болған жоқ. Бәрі заң шеңберінде атқарылды. Оларға қатысты сараптама жүргізілді. Сондықтан халыққа түсіндірілген соң олар тынышталды.
Шу халқының полицейлермен басы піспей қалу дерегі жиілеп кеткені жасырын емес. Бұған дейін де тәртіп сақшыларының озбырлығынан қажыдық деген жұрт талай шу шығарған еді. Майра Рысманова соның бірі болатын. Балам жазықсыз сотталды деген ана, ақыры әділдікке жеткізе алмай бас прокуратураның алтында өзін өртеп, кейін ауруханада көз жұмған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!