Солтүстікке көш жалғасып жатыр. Елордадан Екібастұзға 36 отбасы қоныс аударды
Елордадан Екібастұз қаласына 36 отбасы бір мезетте қоныс аударды. Онда оларды жап-жаңа пәтер, жұмыс орны, кезексіз балабақша және басқа да әлеуметтік жеңілдіктер күтіп тұр. Бұл - «Нұрлы Ертіс» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бара жатқан көш. Олар - негізінен талай жылдан бері қала әкімдігінде баспана кезегінде тұрған азаматтар. Бас қаламен қимай қоштасқан Елорда тұрғындары бірнеше автобуспен бүгін таңертең аттанып кетті.
Автор: Ербол Тұрымбет
02.08.2019
Үлкені бар, кішісі бар – барлығы 216 адам. Оның 70-ке жуығы ересектер де, қалғаны – балалар. Мына автобустар бірінен кейін бірі жәй тұрған жоқ. Барлығы бірге жүрмек. Жүксалғыштары сөмкелерге лық толы. Ыңғайластырып салмаса болмайды, зат көп. Автобус ішіне жайғасқан жолаушылардың да көңілінде қолбалжу бар. Талай жыл мекен қылған қаласын тастап барады. Кейбірі ауылдағы үлкендерге жағдайды тікелей эфирде баяндап жатыр.
- Облыс әкімі өзі күтіп алып, кілт тапсырады екен. Құдай қаласа, жеткеннен кейін.
- Ал жұмыс жағы қалай болады?
- Сол жерге жұмысқа тұрамын ғой.
7 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған Гүлнұр Жиренбаеваның баспана мен қолайлы жағдай болады деген соң, артқа қарайламай, Екібастұзға тартып бара жатқан беті.
Гүлнұр Жиренбаева:
- Астанада 2011 жылдан бері пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Мынау «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы туралы құрбымыздан білдік. Содан инстаграмдағы парақшасын ашып қарадық. Үлгермедік пе деп едік, жоқ, үлгеріппіз. Бағымызды сынап тапсырдық. Міне, Аллаға шүкір, үш бөлмелі үй береді деп жатыр. Төрт балам бар.
4 сағаттық жерге қалың елді аман жеткізу жүргізушіге де сын. Маңызы бөлек көшке атсалысып жатқанына бұл кісі де риза.
- Ана жерде тоқтаймыз. Алға түсіп жүретін көліктерді күтеміз. Ондайлар әр ауданда әр басқа болады. – Қанша автобус бара жатырсыздар? – Үш автобус.
Бұл кісілерді Екібастұзда екі бөлмелі 100 пәтер және үш бөлмелі 122 пәтер күтіп тұр. Барлығы да – жалға берілетін жаңа үйлер. Әр шаршы метрі үшін ай сайын 99 теңге төлейді. Есептей алғанда, шамамен 5 жарым мыңнан 8 мың теңгеге дейін барады. Ал балалары мектепте тегін киім және тамақпен қамтылады. Жол жүру билеттеріне дейін дайын. Тек нешеме жыл пәтер кезегінде тұрып, ақырында Екібастұздан қоныс бұйырған тұрғындарын Елорда әкімдігі қимай қалыпты.
Бақтияр Мәкен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:
- Шын жүректен тағы да жолдарыңыз болсын дейміз! Кішкене болса да, қимаймыз. Себебі, сіздер Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары болдыңыздар. Енді кішкене қобалжып тұрмыз. Бірақ, біріншіден ойлаймын, біз қазақ еліміз. Бір елміз. Бізде бір мақсат, бір мүдде бар.
Бас қаласын тастап бара жатқан экс-тұрғындарымен қала әкімінің орынбасары естелік суретке түсіп қалды. Ақ жол тілеп, әр автобусқа кіріп те шықты.
- Ал, жолдарыңыз болсын! Аман-есен барыңыздар! Құдай қаласа, аман-есен қоныс тойы болсын!
Жалпы, бүгінге дейін Екібастұзға Нұр-Сұлтан қаласынан 102 отбасы, яғни, 610 адам қоныс аударған. Павлодар облысы әкімдігі 5 жылдан кейін олардың жалдап отырған пәтерлерін өз аттарына жекешелендіріп алуға көмектеспек. Бүгін жолға шыққан кісілерді де сондай жеңілдік күтіп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!