«Су аяқ астынан жоқ болып кетті». Тұрғындарды тіршілік нәрінен айырған монша
Ішерге су жоқ. Алматының «Шаңырақ-1» ықшамауданындағы жұрт 2 аптадан бері тіршілік нәрінен тарығып отыр. Оған себеп ауыл ішінен салынған монша. Тұрғындар телмірген жалғыз құдықтың суын кешеннің қожайындары сұраусыз пайдаланып жатқан көрінеді. Кесірі бізге тиді деген көпшілік әкімдікке де шағымданған. Алайда, әзірге базыналарына құлақ түрген ешкім жоқ.
Автор: Салтанат Шырынхан
02.08.2019
Ықшамаудан құрылғалы орталықтандырылған сумен қамтамассыз ету жүйесі мүлдем тартылмапты. Тұрғындар құдық қазып, 30 жылдан бері өз күндерін өздері көріп келген. Екі аптадан бері ол құдықтың өзіне де зар болып қалды. Ал күніне бір рет келуі тиіс су тасушы көлік кей кездері ат ізін де салмайды. Мәселен бүгін де жоқ.
Жұрт осылайша жол бойына бос бөтелкелерін қойып, су таситын көліктің жолын тосуда. Аптап ыстықта аңқасы кепкен ауыл халқы тіпті біздің өзімізге су ұсына алмады. Ауыз судан әбден зәрезап болдық деген олар шүмектен су ақпағандықтан шөлмектегі суға күніміз қарады деп отыр.
Бибатима Шайхина, Алматы қаласының тұрғыны:
- Міне, кран ашық. Құбырдың мүлдем кеуіп қалғаны көрініп тұр. Су жоқ. Мына шелектеріміз бос тұр. Су тасушы көлікті күтіп отырмыз. Ыдыстарымыздың түбіне дейін құрғап кеткен.
Жауаптылар мәселені уақытша шешкен сыңай танытқан екен. Десе де, өз күндерін өздері көріп келген жұрт моншаның кесірінен жалғыз құдығымыздан да қағылдық дейді.
Бибатима Шайхина, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бұл деген болмайды ғой. Біздің ауыз суымыз. Оның үстіне құбыр – біздің жекеменшігіміз. Ішетін суымыз аяқ-астынан құбырдан жоғалып кеткен кезде ғана оның бойына тексеру жүргізілген. Бұлардың біздің суды әр жерден тесіп, қалай болса солай пайдаланып отырғанын сол кезде білдік.
Ауыл тұрғындарының шешімін таппаған жалғыз мәселесі су ғана емес. Мұндағы өзен жағасын қоқысқа толған. Тіпті монша кешенінің барлық қалдық суы осы арнаға қарай ағызылатын көрінеді
Болатбек Рахымбаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Шыққан судың бәрі өзенге құйылып жатыр. Химиялық қалдық па, биологиялық қалдық па, білмейміз ғой. Соның бәрін түнімен топырақ төгіп, жаңа келген трактор түзеп кеткен. Бірақ иісі шығып тұр. Мына көше осындай қоқыстың үстіне салынған. Мына жерге де қоқысты төгіп-төгіп, артынан түзеп, тағы да үй салынады.
Атқамінерлер бұл жағдайдан хабардар. Айтуларынша, үйлерге судың келмеуіне монша себеп емес. Өйткені, су ұңғымасының тозығы жетіп, ескіргендіктен судың деңгейі азайған көрінеді.
Ертіс Бесіров, Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:
- Қазір тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша екі мәселені қарастырып отырмыз. Біріншісі – қазіргі су ұңғымасын тереңдетіп, тазалап шығару. Жұмыс басталды. Бұған дейін 2017 және 2018 жылдары су құбырлары мен кәріз жүйесі жартылай жүргізілді. Ол жүргізілген жерлер «Шаңырақ-1» ықшамауданының 10 пайызын ғана қамтиды. Ал келесі жылы толықтай қамтамасыз ету үшін құрылыс жүргізу жоспарланып отыр.
Тұрғындар құрғақ уәдемен келе жатқан атқамінерлерге сенбейтіндіктерін жасырмады. Жылдар бойы жалғасқан су мәселесінің енді тағы қанша уақытқа созылатынын ешкім білмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!