Алматының қақ ортасында үй өртенді
Шаңқай түсте төнген тілсіз жау! Бүгін Алматының қақ ортасында орналасқан 5 қабатты үйден өрт шықты. Ыстың иісінен іштегі тұрғындар дүрлігіп, дереу далаға қарай ағылған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
02.08.2019
Үмбетәлі Бейсебаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Сағат 12-ге таман балконға шықтым. Мына жерде 5-6 адам «ойбай, өрт шықты, өрт шықты!» деді. Балконнан қарасам, қара түтін будақтап шығып жатыр.
Сөйтсе, жалын нысанның шатырынан шығыпты. Оқиға орнына құтқарушылар дереу жетіп, әйтеуір от төменгі қабаттарға тарап үлгермеген. Төтенше жағдайға шатырда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары себеп болған. Бір топ адам мұнда бір аптадан бері пәтерлерге су өткізбейтін жабынды төсеп жатқан. Түсте сол қатпарланған битум өртене бастайды. Өйткені, жөндеу жүргізіп жатқандар отпен жұмыс істеу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған. Яғни, битумды жылыту үшін олар ашық от пайдаланыпты. Бұл өрескел заң бұзушылық. Сондықтан, енді мердігер компания әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айта кетейік, тілсіз жау 10 шаршы метр аумақты күлге айналдырды.
Валерий Даус, Алматы қаласы ТЖД жедел кезекшісі:
- Өрт тез арада ауыздықталды. Оны өшіруге 6 автоцистерна мен 2 автосаты қолданылды. Тілсіз жаумен күрес кезінде 30 адам, оның ішінде 4 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!