Арыстағы қираған үй-жайларды қалпына келтіру жұмысын аяқтау мерзімі 20 тамызға шегерілді
Арыстағы жаппай құрылыс жұмыстары әлі біткен жоқ. Ал осы қалаға арнайы барған Үкімет басшысы Асқар Мәмин қираған үй-жайлардың 90 пайызы қалпына келтірілгенін айтты.
Автор: Әсел Тұмашқызы
02.08.2019
Асқар Мәмин, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:
- Арыс қаласында ауқымды жұмыс атқарылды. Үлкен құрылыс жүріп жатыр. 6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың отбасы жөнделген үйлеріне кірді. Барлық инженерлік инфрақұрылым толық жөндеуден өтті.
Премьер-министр жарылыстан залал келген үйлер мен әлеуметтік нысандарды аралады. Зардап шеккен жеті жарым мыңнан астам үйдің қазір 6 мың алты жүзден астамы қалпына келтірілді. Ал қалған 900-ге жуығы 10-шы тамызға дейін бітуі тиіс. Сондай-ақ, аурухана, балабақша мен мектеп секілді 62 әлеуметтік нысанның құрылысы әлі жүргізіліп жатыр. Үкімет басшысы осы іске жауаптыларға жұмысты 20-шы тамызға дейін бітіруді тапсырды. Естеріңізге салсақ, бұрын бұл шаруаның 1 тамызға дейін бітетіні туралы айтылған еді. Ал мамандардың мәлімдеуінше, енді мұнда жарылыс қаупі жоқ.
Далер Ешонжонов, Жарылғыш заттарды залалсыздандыру жөніндегі Тәжік ұлттық орталығы операциясының жетекшісі:
- Біз жарылыс болған аумақты қарап шықтық. Саперлар аз уақыттың ішінде қаланы қауіпті заттардан тазалап шыққан. Егер әскерилер тыңғылықты жұмыс істемегенде, өрттің атыс снарядтары сақталған өзге қоймаларға тарап кету қауіпі бар еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!