Алматының басты көшелеріне 700-ден аса «Сергек» бақылау камерасы орнатылмақ
Алматының басты көшелеріне 700-ден аса «Сергек» бақылау камерасы орнатылмақ. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Осылайша фото-видеофиксацияның көмегімен жол қауіпсіздігі күшейтіледі.
Автор: Әсем Қабылбек
05.08.2019
Жаңа жүйенің көмегі арқылы жылдамдықты арттырған, бағдаршамның қызыл түсіне өткен, тұру мен тоқтау ережесін елемейтіндер және автобус жолағымен жүретіндерді анықтау көзделіп отыр. Яғни, жолдағы күллі қозғалыс толықтай суретке түсіріледі. Тәртіпке бағынбағандарды айыппұл күтіп тұр. Қала билігі «Сергекті» шаһардағы қылмыстардың ізін суытпай ашу үшін де пайдаланбақ. Камералар күндіз де, түнде де көріністі сапалы түсіреді. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта «Сергек» жүйесі Абай және Әл-Фараби даңғылдары мен Алматы-2 вокзалының маңында жұмыс істеп тұр. Алматыда 2018 жылдың 1 желтоқсанынан бастап «Сергектің» көмегімен жол ережесін бұзғандарға айыппұл салына бастады. Қондырғы орташа жылдамдықты есептейді. Аппарат орнатылған 1-ші бекет пен 2-ші бекет арасын жүргізуші 2 минут 14 секундта жүріп өтуі тиіс. Егер көлік иесі келесі бекетке белгіленген уақыттан бұрын жетсе, онда жылдамдық асырды деген сөз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!