Құрбысына қыдырып барамын деп құрбан болған қыздың өліміне қатысты сот басталды
Құрбысына қыдырып барамын деп құрбан болған қыздың жұмбақ қазасы. Алматы облысының Қарасай ауданында Анастасия Галееваның өліміне қатысты сот отырысы басталды. 22 жастағы бойжеткеннің ажалына күдікті ретінде екі танысы қамауға алынған еді. Алайда қорғаушысыз қорғансыздың күнін кештік деген олар қысым көргендерін айтады. Осылайша, бастапқыда айтқан сөздерінен айнып қалды.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
05.08.2019
Анастасия Галеева биыл ақпан айының басында із-түссіз жоғалған болатын. Жаңа Қуат ықшам ауданындағы құрбысының үйіне кетіп, ізім-ғайым жоқ болған қызды құзырлы органдар бірден іздеуге кіріскенмен, еш нәтиже шықпады. Араға екі ай салып қана оның денесі Алматыдағы су арналарының бірінен табылды. Осы қастандыққа қатысы бар деп қамауға алынған екі азамат о баста кінәсін мойындады. Марқұмның денесін кілемге орап суға ағызып жібергенін де жеткізді. Бірақ, неге екені белгісіз айыптылар болғанмен, бұл іс сағызша созылып, сот отырысы енді ғана басталды.
Мұхидин Тоқтақынов, судья:
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес Степанов Евгений Викторович және 432-бабы бойынша Баржақсын Асхат Ризабекұлына қатысты қылмыстық іс алдын ала тыңдалады.
27 жастағы Евгений Степанов пен одан екі жас кіші Асхат Баржақсынға бойжеткеннің өліміне қатысы бар және қылмысты жасырып қалды деген айып тағылған. Евгений көлік ұрлығы үшін осыған дейін істі болып, бір жарым жыл жазасын өтеген. Уақытша қамау изоляторында екі апта адвокатсыз отырдық деген азаматтар қысым көргендерін жайып салды. Осыған дейін берген куәліктерінен бас тартып, мойындағандарын жоққа шығарып отыр. Ал, Степановтың қорғаушысы күдіктінің қылмыс жасауға ойы болмағанын, керісінше Анастасия Галееваға көмектесуге тырысқандығын жеткізді.
Гүлбаршын Қодарова, Е. Степановтың адвокаты:
- Мен оның сөздерін тыңдай келе, қызға бар болғаны көмектескісі келгенін сенімді түрде айта аламын. Оның ойы да болмаған. Біз осыған көндіруге тырысамыз. Сонымен қатар, оның айтуынша, екі аптадай қорғаушысыз уақытша қамау қапасында жатқан. Ол жерде қысым көрдім дейді. Енді барлығын тергеу кезінде қайтадан анықтаймыз.
Күдіктілердің марқұмға қалай көмектеспек болғаны әзірге белгісіз. Істің бұлыңғыр тұсы көп. Сол себепті болар, судья сот отырысын 12 тамызға шегерді. Сол уақытта барлық айғақтар қайтадан қаралады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!