Геннадий Головкин әлем чемпионы титулы үшін қайтадан бақ сынамақ
Геннадий Головкин әлем чемпионы титулына қайта таласпақ! IBF тұжырымы бойынша орта салмақтың көшбасшысы атану үшін GGG мен украиналық Сергей Деревянченко жұдырықтасатын болды. Халықаралық бокс федерациясы қос былғары қолғап шебері арасында жекпе-жек өткізу туралы шешімді кеше қабылдаған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
06.08.2019
Енді боксшылардың командалары жекпе-жектің өтетін орны мен уақытын белгілеуі керек. Тараптардың ортақ шешім қабылдауына 30 күн берілген. Естеріңізге салсақ, қазір орта салмақтағы чемпион белбеуінің иесі жоқ. Оны ұйым 1 тамызда мексикалық Сауль Альварестен тартып алған болатын. Бұған Канелоның Деревянченкомен жекпе-жек өткізу туралы ортақ келісімге келе алмауы себеп болыпты. Негізі ол 5 мамырдан бері орта салмақтың үздігі болып келген. Айта кетсек, 2015 жылдың қазанынан бастап, өткен жылдың мамырына дейін бұл белбеу Головкинде болды. Бірақ, былтыр отандасымыз Деревянченкомен жекпе-жек өткізуге келісім бермей, атағынан айырылған-ды. Ол кезде Головкин Альвареспен екінші мәрте жұдырықтасуды құп көрген. Жалпы Гена осыған дейін 41 жекпе-жекке шығып үлгеріпті. Соның 39-ында жеңіске жетті. Әрі ол қолғап түйістірген 35 адамын нокаутқа жіберген. GGG бір рет қана қарсыласымен тең түсті және бір жеңілісі бар. Ал, оның алдағы қарсыласы Сергей Деревянченко 13 рет жеңіске жетіп, оның 10-ын нокаутпен аяқтаған. Украиналық боксшы да жеңіліске бір-ақ рет ұшыраған. Кейбір ақпарат құралдарының мәліметінше, қос мықты арасындағы кездесу төртінші немесе бесінші қазанда өтуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!