{metadescription}
Алматы облысында қарттардың зейнетақысы көбіне ауыз суға жұмсалып жатыр
Алматы облысында қарттардың зейнетақысы көбіне ауыз суға жұмсалып жатыр

Алматы облысында қарттардың зейнетақысы көбіне ауыз суға жұмсалып жатыр

Алматы облысында қарттардың зейнетақысы ауыз су сатып алудан артылмайды. Қарасай ауданының Әйтей ауылындағы халық талай жылдан бері таза суға зәру. Көлікпен су таситындар тоннасына 7-8 мың теңгеден алады екен. Елді мекенде бұл іс бизнес көзіне айналғалы қашан. Әйтей ауылындағы қариялар суға тапсырыс беру үшін кезекке алдын-ала жазылатындарын айтады.

- Міне, 7 мың теңгеге екеуін алдық. Мынаны ішеміз. Ол су күннің астында тұрмауы керек.

Дина Қосаева – Әйтей ауылының тұрғыны. Зейнеткер 6 жылдан бері бүкіл зейнетақысына ауыз суды сатып алып ішеді. Айтуынша, айына 50 мың теңгедей жұмсайды. Аптасына 2-3 рет сырттан арнайы көлікпен жеткізілетін судың сапасына кепілдік жоқ. Ыстық күнде таңдай жібітуге тамшы таппаған жұрт оған бас қатырмайды.

Дина Қосаева, Әйтей ауылының тұрғыны:

- Судың құрамы таза ма, жоқ па, қайдан әкеліп жатыр, бәрі де белгісіз. Су қажет болғандықтан өлместің күнін кешіп ішеміз осыны. Ел кір жууға жиіркенетін шығар? Біз осы суды ішіп отырмыз.

Елді мекендегі 200-ден аса отбасының басындағы жағдай осы. Қазір мұнда 6 мың 400 адам тұрады. Ауыл халқының саны өсіп жатыр. Ауыз су мәселесі талайдан бері айтылса да шешімін табар емес. Әсіресе қарттарға қиын. 70-тен асқан Төлеулі Барлыбеков бейнетінің зейнетін көретін жасқа жеткенде судан тарыққанына қынжылады.

Төлеулі Барлыбеков, Әйтей ауылының тұрғыны:

- Ыдыс-аяқ жуамыз. Кемпір екеуімізге, жоқ дегенде, 50-60 литр су керек қой. Ішкеніміз бар, кір жуғанымыз бар. Бір су тасушы көлікті биыл 6 мыңнан, 7 мыңнан жалдап алдық. 2-3 күнде бір рет келеді.

Мұнда жаздың күні бау-бақша егу мұң. Әркім шамасына қарай жақын маңнан су тасып әлек. Тіршілік нәрінен жыл он екі ай тарыққан әйтейліктер өз бетінше құдық қазғанымен онысы нәтижесіз.

Ауылда 5 су ұңғымасы бар. Алайда құрылғылар тұрғындарды тіршілік нәрімен толықтай қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Оған қоса жерастындағы судың деңгейі төмен орналасқан.

Жауапты атқамінерлердің сөзінше, ауыз су мәселесінің шешілмеуіне тұрғындардың өздері кінәлі. Ауылдың шетіндегі Аққайнар көшесінен үй салғандар су тартуға өтініш жазу үшін баспанасының құжаттарын реттеуі тиіс. Себебі, ол аймақ жайылымдық жерлер. Оған қоса көлікпен су жеткізуді көпшіліктің сұрауымен ұйымдастыруға дайынбыз дейді.

Дәурен Досалинов, Әйтей ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

- Аққайнар көшесіндегі үйлердің көбі ауыл шекарасынан тыс жерде тұрғандықтан, олардың құжаттары да рәсімделмеген. Бірақ бізге сондай мәселелермен келсе, су таситын көлік сұраса, ол жағынан көмектесеміз.

- Ол тегін су бола ма сонда?

- Тегін болады.

Әйтей ауылы жартылай жотада орналасқан. Еңістегі үйлерге су барады. Жазда су қоры азайып, жоғарыдағыларға үнемі су жетпейді. Жағдайды реттеу үшін округ әкімдігі 6-шы су ұңғымасын іске қосуды жоспарлап отыр. Оған дейін әлі 1 ай шыдау қажет.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

01 ақпан

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде