{metadescription}
Елордадан Екібастұзға көшкендер жаңа үйлерге қоныстанып жатыр
Елордадан Екібастұзға көшкендер жаңа үйлерге қоныстанып жатыр

Елордадан Екібастұзға көшкендер жаңа үйлерге қоныстанып жатыр

Бас қаладан теріскейге! Елордалық көпбалалы отбасылар жаппай Екібастұзға көшіріліп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында әркімнің босағасын паналап, екі қолға бір күрек таппағандарға жаңа жерде бүкіл жағдай жасалуда. Яғни мемлекеттік бағдарлама бойынша қоныс аударған жұрт арзан баспанамен және жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, ұл-қыздары балабақшаға тегін орналастырылып, қоғамдық көліктерде ақысыз жүре алады.

Жаңа үйге кіріп, қуанышы қойнына сыймай жүргендердің бірі – Әбішевтер отбасы. Төрт баласымен мұнда бас қаладан көшіп келген. Ерлі-зайыпты мұғалімдердің осындай шешім қабылдауына үй мәселесі түрткі болыпты.

Ләззат Әбішева:

- Елордада тұрмысымыз тым нашар болды демеймін. Бәрі көңілімізден шығатын. Бірақ уақыт өте келе ойлана бастадық. Өзімізді толыққанды бақытты сезіну үшін үй керек болды. Сондықтан еш ойланбастан, осында келдік.

Жыл басталғалы Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға 103 отбасы, яғни 600 адам қоныс аударып үлгерген. Олардың қатарында 42 жасар Қаламқас Темірғалиеваның әулеті бар. Көпбалалы отбасы алып шаһарда жылдар бойы аядай бөлмені жалдап тұрған. Тапқандары баспана алмақ түгілі, күнделікті нанына әрең жеткенін айтады.

Қаламқас Темірғалиева:

- Нұр-Сұлтанда 17 шаршы метр жатақхана бөлмесінде тұрдық. Ол жерге әрең сиятынбыз. Сосын бізге хабарласып, осындай бағдарлама бойынша көшсек, пәтер берілетінін айтты. Біз, әрине, бірден келістік. Оның үстіне жолдасыма жұмыс та ұсынып отыр.

Бұған дейін баспана мәселесі бас қайғы болып келген отбасының енді мұнда 3 бөлмелі пәтері бар. Қаламқас үйде 5 баланың тәрбиесімен айналысса, күйеуі көмір түсіретін бекетке жүргізуші болып орналасқан. Айта кетсек, бұл көш халықты біркелкі жайғастырып, еңбек күші мол аймақтан маман жетіспейтін өңірге тұрғындарды қоныстандыру үшін басталған.

Айгүл Шәбекова, Екібастұз қаласы жұмыспен қамту орталығының қызметкері:

- Бағдарламаға ілігу үшін ерлі-зайыптының кемі 3 баласы болуы керек. Пәтердің аумағы сол бала санына қарай беріледі. Сондай-ақ, жоғары білімдері болуы керек. Бұған қоса, Нұр-Сұлтан қаласында тұрғылықты мекенжайда кемі 1 жыл тіркеуде болуы шарт.

Мемлекеттік бағдарламамен қоныс аударғанда отбасының әр мүшесіне 88 мың теңге бір реттік төлем беріледі. Сондай-ақ, кішкентайлар балабақшаға тегін орналастырылады. Ал, мектеп жасындағы оқушылар тамақпен қамтылады. Бұл аздай, жаңа тұрғындар қоғамдық көліктерде ақысыз жүреді. Жыл соңына дейін бас қаладан Екібастұзға тағы 200-ден аса көпбалалы отбасыны көшіру жоспарланған. Десе де, жаңа өңірге ешкім мәжбүрлі түрде қоныс аудармайды. Бәрі ерікті түрде жүзеге асуы тиіс.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

24 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде