Елімізде валюта ауыстыру қиындауы мүмкін: ақша айырбастағандар тіркеледі
Елімізде валюта айырбастау қиындауы мүмкін. Ақша айырбастау пункттері әр операцияны журналға тіркеп отырады. Яғни, келер жылдан бастап ақша айырбастаған адамның аты-жөні мен жеке куәлігінің нөмері жазылады. Мұндай бастаманы Ұлттық банк көтеріп отыр.
Автор: Әсем Қабылбек
06.08.2019
Оған қоса қаржы нарығын реттеуші бір адамға 500 мың теңгеден аса ақша айырбастауға немесе сатуға рұқсат етпейді. Ең басты жаңалық - валюта айырбастау пункттерінің жұмысын күндізгі 10:00-нан кешкі 19:00-не дейін шектеуді ұсынып отыр. Бұл туралы «Қазақстан Республикасы қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» қаулының жобасында жазылған. Ақша айырбастаған тұлғаларға қатысты ақпараттың қалай тіркелетіні 51-ші тармақта көрсетілген. Құжат 16 тамызға дейін қоғам талқысына түседі. Экономистердің пікірінше, Ұлттық банктің бастамасы шикі және ел экономикасын тығырыққа тірейді.
Әкімжан Арупов, Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры:
- Аяқ астынан бір адам валюта айырбастағысы келсе, амалын табады. Бұл жерде валюта айырбастау пункттерінің жұмыс уақытын шектеу арқылы көлеңкелі бизнеске жол ашамыз. Себебі, ақшаны жасырын, қолма-қол сататындардың саудасы қызады. Оған қоса, валютаны бір алғанда, сауда 500 мың теңгеден аспауы керек деген де күлкілі. Сонда құны 1500 доллардан асатын жылжымайтын мүлікті сатқандар не істемек?
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!