Алматыда қоқыс жинаушыны соққыға жығып, мүгедек қылғандардың ісі сотқа жетті
Алматыда қоқыс жинаушыны соққыға жығып, мүгедек қылғандардың ісі сотқа өтті. Белгілі болғандай, төбелесті бастаған төрт бұзақының тек біреуіне ғана айып тағылған.
Автор: Аруна Ортай
06.08.2019
Абай Жарылқасын, Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің бас маманы:
- Осы жылдың 5 тамызында Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына Өтегеновке қатысты қылмыстық іс түсті. Ол ҚР ҚК-нің 114-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген, яғни абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін, осы қылмыстық әрекетті жасағаны үшін айыпталады.
Ал айыпталушы – 28 жастағы жігіт. Мәліметтерге қарағанда, жұмыссыз. Дегенмен, пәтерлерді тәулікке жалға берумен айналысады деген ақпарат бар. Полиция департаментінің мәліметінше, ол қазір қамауда. Оның қасында болған тағы 3 бұзақы туралы әзірге ешнәрсе айтылмай жатыр. Естеріңізге салсақ, оқиға 26-сәуір күні таңғы 7-лер шамасында болған. Тұрғын үйлердің маңында қоқыс тазалап жүрген жұмысшыларды 4 бірдей бұзақы жабылып ұрған. Төбелесті куәгерлердің бірі түсіріп алған. Кадрде көрініп тұрғандай, бұзақылардың бірі қоқыс тазалаушы Сырлан Омаровты ұрып, жерге сұлатқан. Кейін белгілі болғандай, қоқыс тазалаушылар олардан тек көліктерін ала тұруды сұрапты. Бірақ түнімен көңіл көтеріп, қоқыстың маңында бас жазып отырған жігіттер оларға қарсы тап берген. Соққының ауыр болғаны сонша, дәрігерлер қоқыс жинаушыны әрең дегенде аман алып қалған. Бір апта комада жатқан жігіттің басына 5 сағатқа жуық ота жасалып, бас сүйегінің бір бөлігі алынған. Соның салдарынан, білдей бір отбасының асыраушысы жүріп-тұра алмай қалған. Сол себепті де, оның туыстары күдіктіге тағылған «абайсызда соққыға жықты» деген айыппен келіспейді. Олар бұзақыны «денсаулыққа қасақана зиян келтірді» деген баппен жазаласа деп сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!