Шаһардың астаң-кестеңі шыққан. Батыс Қазақстан жұртын дүлей дауыл әбігерге салды
Батыс Қазақстан облысы жұртын долы дауыл әбігерге салды. Әсіресе, Орал халқы едәуір зардап шекті. Шаһар тұрғындарының тең жарымы кешеден бері жарықсыз отыр. Себебі күшті желдің кесірінен электр сымдары үзілген. Ал, қиылған тоқты жауапты мамандар жалғап үлгере алмай жатыр. Дауыл келтірген шығын көлемі қанша? Зардап шеккендер бар ма?
Автор: Руслан Әбдіхалық
06.08.2019
Шаһардың қазір астаң-кестеңі шығып жатыр. Кешегі соққан желдің күшін мына көріністерден аңғаруға болады. Құлаш жетпейтін жуан ағаштар тамырымен опырылып түскен. Секунтына 28 метрге дейін соққан екпінді жел 60-қа жуық талды қопарып, бес көлікті басып қалған. Құдай сақтағанда жүргізушілері дін аман. Ал, қазір қала бойынша тазарту жұмыстары жүріп жатыр.
Долы дауыл бүкіл өңір жұртын діңкелетті. Әсіресе, Орал халқы қатты зардап шекті. Жалпы облыс бойынша 112 нөміріне 400-ден аса қоңырау түскен. Мамандардың мәліметінше аймақта 5 мектептің төбе жабындысы қирап қалған. Жел ұшырған шатырлар тұрғындардың өміріне қауіп төндіріпті.
Оксана Воробьева, Орал қаласының тұрғыны:
- Кеше қорқынышты ұзаққа дейін ұмытпаймын. Көшеге шықсам, масқара боран болып жатыр. Аспанда қаңылтыр, ағаш бұтақтары ұшып жүр. Үстіме түсе ме деп зәрем қалмады. Мұндай дауыл біз жақта сирек болады.
Ал дәрігерлер табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен бес адамның ауруханаға түскенін мәлімдеді. Бірақ бағына орай жарақаттары ауыр болмай шықты. Ал, құлаған ағаштардан қала бойынша электр сымдары 105 жерден үзілген екен. Соның кесірінен шаһар жұртының басым бөлігі қуат көзінен ажыратылған. Қазір мамандар жұртқа тоқ жеткізу үшін жанталасып жатырмыз дейді. Бірақ үлгеретін емес.
Валерий Диминтевский, «БатысҚазЭТК» бөлім жетекшісі:
- Бірден айтайын бүгінге үлгермейміз. Ертең, арғы күндері жалғастырамыз. Себебі элетр желілері әлі үзіліп жатыр. 109 номіріне қоңыраудлар сәт сайын түсіп жатыр.
Қазір желден келген шығын көлемі де есептеліп жатыр. Тек содан кейін ғана зардап шеккендерге өтемақы берілу, берілмеу жайы қаралады. Ал, жергілікті жұртқа арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, синоптиктерден тағы да дауыл болады деген ескерту келді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!