Нұр-Сұлтандағы базарда алапат өрт болып, 30-ға тарта дүңгіршек жанып кетті
Нұр-Сұлтан қаласында тағы да алапат өрт! Елорда іргесіндегі үлкен базарлардың бірінде қойманы қызыл жалын шарпып, 500 шаршы метр жерді күлге айналдырды. Тамақ өнімдері, сусындар және басқа да ішіп-жем түрлері сақтаулы тұрған орында қазір күл мен темір қаңқадан басқа түк жоқ. Ал от таңсәріде тұтанған. Оқыс оқиғаның себебін енді тергеушілер анықтамақ.
Автор: Ербол Тұрымбет
06.08.2019
Күн сайын тіршілігі қайнап жататын елордадағы «Биг Шанхай» базарының маңы бүгін таң атқаннан жанталас. Таңсәріде, сағат 4-ке таяу тұтанған өрт шамамен бір жарым сағатта өшірілген. Бірақ өрт сөндірушілер бұл жерден көпке дейін кете алмады. Базардың ішіндегі тауарын ойлап, басы қатқан сатушылардың да бір сәт мойын бұруға шамалары жоқ.
- Не сатып едіңіз?
- Азық-түлік.
- Не өртенді?
- Ой, қажет емес...
Өрт үлкен базардың «Жәрмеңке» деп аталатын азық-түлік қоймасында болған. Жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын ғимараттың сыртқы қабырғалары бүтін тұрғандай көрінеді. Бірақ ішін қызыл жалын жалмап кеткен. Терезеден будақтаған қою түтіннің күйесі содан сыр беріп тұр. Апат орнына базар күзеті ешкімді жібермей, есікті қарауылға алған. Бірақ біз ішке кірудің ретін таптық. Бір сапта қаз-қатар тұрған 30-ға тарта дүңгіршектің қаңқасы ғана қалған. Ішіндегі тамақ өнімдері мен тәтті сусындардан түк қалмапты. Көбі күлге айналып, жайрап жатыр. Соның жанында от шарпыған миллиондарын қиып кете алмай саудагерлер жүр. Қапыда 11 миллион теңге шығынға баттым деген Батырхан Киікбай енді не амал қыларын білмей дағдарып отыр.
Батырхан Киікбай, саудагер:
- Темекі сататынбыз. Жанып кеткен біразы. Жарамсыз болып қалған. Не істейтінімізді білмей тұрмыз.
Апаттан аман қалған азын-аулақ тауарларын буып-түйіп, жалма-жан сыртқа тасып жатқандар көп. Ет, сүт, пияз, картоп, қырыққабат – тапқандарын дереу алып кетіп жатыр. Жалпы, қызыл жалынды өрт сөндіру қызметінің 44 маманы мен 12 техникасы таңғы сағат 5-тен 8-минут кеткенде өшіріп болған.
Аягөз Фазылова, Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Қойманың ішінде азық-түлік сақталған бутиктер болған. Сол бутиктердің өртеніп жатқаны анықталды. Жалпы өрттің аумағы 500 шаршы метрді құрады. Қазіргі кезде өрттің себебі анықталуда. Опат болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Айта кетерлігі, базардағы жөндеу жұмыстарына байланысты 2017 жылдан бері тексеріс жүргізілмеген екен. Өрт пен басқа да төтенше жағдайға қарсы талаптар қаншалықты сақталғанын тексеру биыл екінші жартыжылдыққа жоспарланыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!