Құрбан айт кезінде мал сатқанда пайдакүнемдікке салынбау керек
Мүфтият саудагерлерді сабырға шақырды. Қасиетті Құрбан айт күнін жариялаған діни басқарма өкілдері мұсылмандық жоралғыдан пайда тапқысы келетіндерден мал бағасын қалайда өсірмеуді сұрады.
Автор: Аруна Ортай
07.08.2019
Ал, Құрбан айт биыл 11-ші тамыз күні басталады. Барша мұсылман қауым таңғы сағат жетіде мешіттерге жиналып, айт намазы оқылады. Одан соң құрбандық шалынады. Молшылық пен мейірбандылыққа толы мереке үш күнге созылады. Бұл күндері қаладағы көпшілік орындарда дәстүрлі ойындар ұйымдастырылады. Дастархан жайылып, жетім-жесірлерге ет үлестіріледі. Көмекке мұқтаж жандардың тізімін әзірлеп қойған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мал бағасына ерекше тоқталды. Биыл бір ірі қараның құны шамамен 315 мың теңге. Ал, ұсақ мал 20 мыңнан басталады. Бірақ, саудагерлер оны жылда құбылтуға әдеттенген. Осыны ескерген мүфтият тым ашкөз болмауды сұранды. Әрі бұл күні көңілді жүру қажеттігін де еске салды.
Наурызбай Өтпенов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары:
- Жетім балалар бар, қарттар үйі бар, қайырымдылық үйлері бар, солардың көбіне біз жыл сайын молынан ет таратып жатырмыз. Аллаға шүкір, олар жыл сайын құрбандықты күтіп отырады. Құрбандық келгенде, үлкен қуанышқа бөленеді. Сондықтан біз де халқымызды осындай жақсы көңіл сыйлауға шақырамыз. Алла ниетімізді қабыл етсін! Құрбан айт мерекесі құтты болсын!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!