Ақтөбеде өзен тазалаймыз деп, суының тартылуына себепкер болғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Ақтөбеде сегіз өзенді тазартып жатқан компаниялар мен шенеуніктерге қатысты жеті бірдей қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін тұрғындар наразылығынан соң экология министрі бұл жобаны тоқтатып тастаған еді.
Автор: Жаңалық Ахаш
07.08.2019
Өйткені арнасын кеңейтіп, табанын тазалаған соң өзен суы тартылып қалған. Онымен қоймай тендер ұтқан мердігер компаниялар сол маңдағы жасыл желекті заңсыз кесіпті. Тіпті қызыл кітапқа енген тал-теректердің де түгін қалдырмаған. Кәсіпкерлерден бөлек өзен тазалығына жауапты әкімдік қызметкерлері де тергеліп жатыр. Бірақ прокурорлар нақты қай шенеуніктің үстінен іс қозғағандарын айтпайды. Тек қызметін асыра пайдалану бабымен жауапқа тартылуда. Айта кетелік, Ақтөбе іргесіндегі сегіз өзеннің арнасын тазартуға қазынадан жеті миллиардқа жуық ақша бөлінген. Экология министрлігі құрған комиссия жобаны қайта тексеріп, өзгеріс енгізген соң ғана жұмыс қайта басталады.
Азамат Құстанов, Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі:
- 7 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Солардың бесеуі жұмысты жүргізген мердігерге қатысты. Сонымен қатар екі қылмыстық іс өкілетті мемлекеттік орган қызметкерлеріне қатысты. Өкілеттіктерін асыра кеткені үшін, сонымен қатар қызметте әрекетсіздігі үшін тергеліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!