{metadescription}
Отарда дүбірлі Халықаралық Әскери ойындар басталды
Отарда дүбірлі Халықаралық Әскери ойындар басталды

Отарда дүбірлі Халықаралық Әскери ойындар басталды

13 мемлекеттің басын қосқан әскери сайыс. Отардағы әскери оқу-жаттығу алаңында дүбірлі Халықаралық Әскери ойындар басталды. Елімізде осымен төртінші рет өтіп отырған жарыста әр елден 350-ге жуық жауынгер үш түрлі сайыстан сынға түседі. Әскери саладағы ынтымақтастық пен сарбаздардың әлеуетін байқататын жарыс әлемнің  әр түпкірінде бейбітшілікті сақтауды көздейді.

Сарша тамызда Отардағы әскери полигонда басталған Халықаралық Әскери ойындары ерлік пен ептіліктің айнымас көрінісі іспеттес. Сақадай сай сап түзеген сарбаздар мен көкте әуелей қалықтаған ұшақтар әскери сайысқа көрік беріп тұр. Бұл бәсеке түрлі елдің жауынгерлерінің қарымын байқатып, әскери саладағы ынтымақтастықты нығайтпақ.

Нұрлан Ермекбаев, Қорғаныс министрі:

- Сайыс барысында барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз. Өз тарапымыздан достық, ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру және сайыс әділ өтуі үшін барлық күш-жігерімізді саламыз.

Халықаралық Армия ойындары Қазақстанда осымен төртінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Биылығы қазақ топырағындағы әскери сайысқа 13 мемлекеттің командасы ат арытып келген. Енді әр елден жиналған 347 әскери қызметкер үш түрлі сайыстан сынға түседі.

Әскери додаға қатысушылар арасында Венесуэла, Зимбабве, Иран және Сирия жауынгерлері де бар. Шараның көркін қыздырушылар «артиллериялық оқ ату шеберлері» сайысында, ұшқышсыз ұшу құрылғаларын сынайтын «сұңқар аңшылығы» кезеңінде және әскери байланысшылар «сенімді қабылдау» тартысында кім мықтыны анықтайды. Алыстан жеткен қонақтардың барлығы жүлделі орындардан дәмелі. 

Шиджан Ти, ҚХР құрлық әскері бригадасының командирі:

- Біздің команда өте мықты дайындықтан өткен. Бүгін басқалармен бірге күшімізді тексереміз. Әрине, ауа райы өте ыстық. Сонда да өз мүмкіндігімізді көрсетуден таймаймыз.

Биыл әскери ойындар елімізбен қоса әлемнің 10 елінде өтеді. Оған 30-дан астам мемлекеттен 5 мыңнан жоғары әскери қызметкер қатысып, кәсіби біліктілігін паш етеді. Ал, ердің ерлігі сыналар шақта намысты қолдан бермейміз дейді қазақстандық әскерилер. 

Дәулет Оспанов, Құрлық әскері бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары:

- Қырғыздардың, өзбектердің, Сирия мен Иранның дайындықтарын өзім көрдім. Бақыладым. Барлық жағынан өте мықты дайындалған. Біздің сарбаздардың да дайындығы өте мықты. Өзіміз бақылап жүрдік. Екі рет тексеріп көргенбіз.

Айта кетейік, Отардағы жарысқа қатысушылар негізінен қазақстандық әскери техникаларды қолданды. Ал, еліміздегі Халықаралық Әскери ойындарының үш кезеңі тамыздың 15-інде аяқталады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде