Келіспеушіліктің кесірі. Қарағандыда жедел жәрдем бекетінің құрылысы бітпей тұр
Қарағандыда шенеуніктер мен мердігердің арасындағы келіспеушілік салдарынан жедел жәрдем бекетінің құрылысы сағызша созылып жатыр. Облыстық құрылыс басқармасы мердігерді жауапсыз деп тану үшін сотқа берген. Алайда компания жұмыс жүргізілген бір жыл ішінде тапсырыс беруші тараптан ешқандай арыз түспегенін айтады. Нысан аяқталар тұста құрылыс жобасының шикілігі дауға түрткі болған. Жобада нысанды су, жарық және кәріз жүйелеріне қосу мүлдем қарастырылмаған екен.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
07.08.2019
Компания өкілдерінің айтуынша, сол шикіліктерді жуып-шаю үшін атқамінерлер мердігерді сотқа беріп, құрылысты тоқтатып тастамақ көрінеді.
- Жобада іргетастың ені 40 см, ал қабырғаның қалыңдығы 60 см болады делінген. Яғни бір жарым кірпіш іргетастың бетімен бірдей болады да, қаптама кірпіш одан асып тұрады.
Нысан жобасындағы құрылысшы түзеген олқылықтардың бірі – осы. Тағы бірі, бірінші және екінші қабатты жалғайтын баспалдақтың ортасында алаңқай жоқ. Құрылыс жұмыстары басталғанда тапсырыс беруші мұндай ұсақ түйекке мән бермеуді сұрап жұмыс жалғаса берген. Техникалық және авторлық қадағалаушылар тарапынан да ескертулер болмайды. Алайда бір жыл құрлыс жұмыстары жүріп ғимараттың екі қабаты салынып болған соң, құрылыс басқармасы шала бүлініпті.
Ниязбек Бейсембаев, Қарағанды облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Ғимарат төмен орналасқан. Іргетастың астына құм төселуі керек болса, олар тас аралас материал төсеген. Ғимартаттың құрылыс сапасы сын көтермейді.
Асхат Хамитов, мердігер компанияның өкілі:
- Егер бізден бір кемшілік кетіп жатса, құрылыс жұмыстарын неге дереу тоқтатпадыңыздар? Тапсырыс беруші ретінде ол қолдарыңыздан келеді. Қаржыландыруды тоқтата салуға болар еді ғой. Алайда әр істелген жұмыстың акт бойынша ақша бөліп тұрдыңыздар емес пе? 100 миллион теңгеге жуық қаражат бөлдіңіздер.
- Құрылыс жүріп жатқан кезде олқылық тапсаңыздар, жұмысты тоқтата алар ма едіңіздер?
- Тоқтата алар едік.
- Онда сол кезде неге тоқтатпадыңыздар?
- Ол кезде бұл жерде біздің маманымыз болған. Бірақ ол қазір жұмыстан шығып кетті. Ал мен ештеңе айта алмаймын.
Бар кінәратты жұмыстан кеткен маманға аударған шенеуніктер бұдан өзге жарытып ештеңе айта алмады. Ал, мердігер осыған дейінгі тыныш тірлікті нысанның инфроқұрылымға қосылмайтыны бұзды дейді. Себебі, жобада ғимаратқа жылу, су және кәріз жүйесін тарту коммуналдық мекемелермен келісілмепті. Егер жобаның шикілігі расталса оны қабылдаған құрылыс басқармасының басынан ешкім сипайын деп тұрған жоқ. Өйткені, нысан инфрақұрылымсыз қолданысқа берілмейді. Өз олқылықтарын жуып шаю үшін тапсырыс беруші бізге шүйлігіп отыр дейді құрылысшылар. Сот барысында энергетиктер де нысанды коммуналдық жүйеге қосуға рұқсат бермегендерін айтты.
Александр Акишин, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС техникалық директоры:
- Жоба бізбен келісілмеген күйде сараптамадан өтпеуі керек еді. Өйткені біздің ол нысанды жылу жүйесіне қосуға мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан жобаға жылу жүйелерін жабдықтауға кететін шығындар қосылып, бізбен келісім жасауы керек болатын. Алайда құрылыс басқармасы оны елемеді.
Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау мекемесі жобаны жасаған «Эвикон» ЖШС ін жауапқа тартқан. Сөйте тұра құрылыс басқармасы шикі жобаның авторын емес, жобадағы олқылықтарды өздері түзеген мердігерді сотқа беріп отыр. Ал, құрылыс компаниясында ғимарттың дұрыс салынғанын растайтын сараптама қорытындысы бар. Сондықтан, енді мердігер басқармаға қарсы өздері де сотқа арыз түсірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!