Алматыда астыртын арақ-шарап өндірісі тыйылмай тұр
Алматыда жасырын арақ-шарап шығару өндірісі тыйылмай тұр. Қалада жыл басынан бері 8 дерек тіркелген. Оның 5-еуі сотқа жолданса, 3-еуіне қатысты тергеу аяқталған жоқ. Бұл туралы Алматы қалалық экономикалық тергеу департаменті мәлімдеді.
Автор: Әсем Қабылбек
07.08.2019
Бертінде құзырлы органдар Наурызбай батыр ауданында кезекті цехтың жұмысын әшкереледі. Жұртты алдап, оңай олжаға құныққандар қымбат спирттік ішімдіктерді қолдан дайындаған. Лас жерде әзірленген өнімді қаладағы дүкендерге емін-еркін өткізген екен. Тінту барысында бос шөлмектер, 1000 дана жалған акциздік марка мен 1000 литр спирт тәркіленді. Белгілі марканы иемденгендерге қатысты қылмыстық Кодекстің 233 бабы бойынша іс қозғалып, тергеу басталды.
Дәулет Ақылбеков, Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментінің басшысы:
- 28 шілдеде Наурызбай ауданында біз астыртын цехтың жұмысын анықтап, тексеру барысында оның ішінен 500-ден аса «Белуга», «Хаома», «Мороша», «Бульбаш» сияқты қолдан жасалған қымбат спирттік өнімдер табылды.
Жалпы, қалалық экономикалық тергеу департаменті жыл басынан бері 111 қылмысты тіркеп, мемлекет қазынасына 2,8 млрд теңге көлемінде ақша өндірген. Мамандар шаһардағы кәсіпкерлер салықтан жиі жалтаратынын айтады. Заңсыз ойын бизнесі және акцизделмеген темекі өнімдеріне қатысты қылмыстар да жиі тіркелетін көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!