Алматы облысында 8 жасар қызды 37 жастағы азамат зорламақ болған
Қорлық көрді. Алматы облысында 8 жасар қызды базбіреу зорламақ болған. Осы оқиғадан кейін тұрғындардың барлығы маңайларына үрке қарап шошынып отыр. Бір қызығы, зәбір көрген қыздың куәлігінен кейін ұсталған азаматты прокуратура өкілдері қайтадан бостандыққа жібере салған. Алайда мұндай оқиғаның тағы да қайталануынан секем алған жұртшылық құқық қорғау органдарының салғырт ісіне наразылықтарын білдіруде.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
07.08.2019
Приозерск саяжайы қауымдастығының тұрғындары бір аптадан бері тұрмыстық тіршіліктерін ысырып тастап, балаларын күзетуге кіріскен. Себебі, 2 тамыз күні 8 жастағы Софияны көрші саяжайдың тұрғыны зорламақ болған. Бұған дейін асыр салып ойнайтын балаларға ешқандай тосқауыл қоймағандарымен, енді әрбір қадамдарын жіті бақылауына алған.
Елена Иванова, Приозерск саяжайының тұрғыны:
- Балалардың барлығы қазір бақылауымызда. Көрші көшеге жіберсек те соңынан хабарласып, аман-есен жеткенін сұрап отырамыз. Софияның жағдайынан кейін барлығымыз қорқып қалдық.
Құрбыларын іздеп шыққан қаршадай қызды арам ойын іске асырғысы келген азамат дәл осы жерден ертіп әкеткен. Бейкүнә бала соңынан еріп үйіне дейін бірақ барыпты. Алайда, қираған қораның ішіне кіргенде өзінің мүлде басқа жаққа келген түсінген.
Әбден шошып үйіне келген Софияның өңі қашқанын әпкесі байқаған. Анасының айтуынша, ер адам жеткіншекті үйінің қорасына апарып сүйе бастаған. Жеткіншек айғайлауға тырысқанымен, оны қорқытып, дыбысын шығартпаған екен. Киімдерін шешіп, өзінің ойына келгенін істемекке оқталып, кенет босатып жіберіпті.
Оксана Олейникова, Приозерск саяжайының тұрғыны:
- Біз ести сала бірден сол жерге қарай тұра ұмтылдық. Барсақ, ешкім жоқ. Кейіннен құзырлы органдарға хабарласып, бірден шағымдандық. Полиция өкілдері қызыма телефоннан күдіктілердің суреттерін көрсетіп, біреуін таныдық. Кейіннен сол үйде тұратыны белгілі болды.
Сонымен қатар, тұрғындар прокуратура өкілдерінің күдіктіні бостандыққа жібере салғандығына да наразылықтарын жеткізді. Тергеу ісі аяқталмай үйіне келген азаматтың тағы бір іске баруынан қорыққан. Бірақ бүгін Алматы облысының ішкі істер департаментіндегілер күдіктінің қайтадан қамауға алғанын жеткізді.
Ернар Сайділдин, Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Осы ауылдың 37 жастағы тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда Іле аудандық полициясының қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізуде. Бұл іс облыстық департаменттің ерекше бақылауына алынды.
Осы маңда орналасқан 15 саяжай қауымдастықта 500-ге жуық бала бар. Қазір барлығын бақылауымызда ұстап отырмыз деген тұрғындар, оқу жылы басталатынын ойлап тіпті алаңдаулы. Себебі, екі ауысыммен оқитын оқушылардың мектебі 3 шақырым қашықтықта орналасқан. Осылайша, қапияда қорлыққа тап болудан сескенгендер тәртіптің күшейтілгенін тілеп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!