Қарағандыда 1 жарым жастағы баланың өліміне кінәлі деп танылған анестезиолог сотталды
Бала өліміне кінәлі дәрігер. Қарағандыда жекеменшік стамотологияда көз жұмған 1 жарым жастағы баланың қазасына кінәлі деп танылған белгілі анестезиолог сотталды. Енді 38 жылдық еңбек өтілі бар дәрігер алдағы 2 жарым жылын қауіптілігі төмен колонияда өткізеді. Марқұм Семен Арзамасцевтің ата-анасы екі жылға жуық созылған істің соңындағы үкімнің әділдігін айтады. Алайда жаза арқалаған әйел әлі күнге дейін кінәсіздігін алға тартады.
Автор: Мақсат Мәлік
09.08.2019
Жекеменшік стамотологиялық клиникада жұмыс істеген 56 жастағы Марина Наумова алдағы 2 жарым жылын темір торда өткізеді. Одан бөлек 2 жылдан астам уақыт анестезиолог қызметін атқара алмайды. Сондай-ақ, ол марқұм Семеннің ата-анасына моральдық шығын есебінде 4 миллион теңге төлеуі тиіс.
Арғын Кұтышев, судья:
- Кішкентай балада алғаш жедел тыныс жетіспеушілігі байқалып, дәрігерлер мен стамотологтар жедел жәрдем шақыруды талап еткенде, Наумова оны елемеген. Сондықтан ол кәсіби міндетін бұзған деп қорытынды шығардық.
Сотта дәлелденгендей, анестезиолог 1 жарым жастағы Семеннің дәріге қарсы аллергиясы бар-жоғын тексермеген. Тіпті, оған 3 жастан бастап қабылдауға болатын дәрі егіпті. Алайда, жаза арқалаған әйел жазығым жоқ деп, кінәсін мойындайтын емес.
Марина Наумова, сотталушы:
- Мен баланы құтқару үшін қолдан келетін бар мүмкіндікті жасадым. Бар білгенім мен күшімді салдым. Аурухангаға тірі баланы аттандырдық. Мен кінәлі емеспін.
Айта кетейік, Қарағандыдағы бүлдіршіннің өмірін жалмаған жеке стомотологиядағы оқиғаға 2 жыл жуықтады. Ата-анасы тісін емдетуге алып барған Семен дәрі еккесін жағдайы күрт нашарлайды. Арада 14 сағат өткенде бала жансақтау бөлімінде көз жұмады. Ал, шулы оқиғаға бүгін нүкте қойылып отыр.
Анатолий Арзамасцев, С. Арзамасцевтің әкесі:
- Әділ үкім. Себебі, біз 2 жыл бойы әрі-бері сарсаңға түстік. Біз үшін өте ауыр жағдай болды. Енді міне, үкімді естіген соң өз-өзімізге келіп, сабырға түстік.
Әрине, белгілі анестезиолог Марина Наумованың бірінші рет басы бәлеге қалып отырған жоқ. 2016 жылы дәл осыған ұқсас жағдайдан 13 жастағы Жансая Омарова өмірімен қош айтысқан. Ең қиыны, адам өлімімен аяқталған бұл іс әлі сотқа жеткен жоқ. Ал, екінші қайғылы оқиғадан соң сотталған Наумова үкіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсірмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!