Солтүстік Қазақстанда анасы мен қызы қаскөйдің қолынан қаза тапты
Анасы мен қызы қаскөйдің қолынан қаза тапты. Солтүстік Қазақстан облысында қора ішінен 39 жастағы әйел мен оның 3 жастағы қызының мүрдесі табылды. Марқұмдар пышақ жарақатынан көз жұмыпты. Қанды оқиға Мамлют ауданында болған.
Автор: Мақсат Мәлік
09.08.2019
Вакиль Касаев, Мамлют ауданының тұрғыны:
- Ол жақсы жұмыс істейтін. Мен оған өтініш айтып тұратынмын. Мал шаруашылығын жақсы білетін. Не жағдай болғанын білмей отырмыз. Әлі өмірдің оң-солын танып үлгермеген балаға тіптен обал.
Мамлют ауданын дүрліктірген жантүршігерлік оқиғадан тұрғындар әлі есін жия алмай отыр. Үрейленген жұрт қайғылы жағдайды сан-саққа жүгіртеді. Ал, марқұм Айнагүл 3 жастағы Әминамен бірге Мамлюттің шет жағында тұрыпты. Анасы мен қызына пышақ сілтеген қаскөй де алыстан келмепті. Марқұммен жақсы таныс-біліс болған күдікті көрші ауылдың 25 жастағы тұрғыны екен.
Нұрбек Баекин, СҚО ПД баспасөз қызметінің инспекторы:
- Қаза тапқан әйелдің танысы ұсталды. Аталған азамат Мамлют ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау қапасына қамалды. Пышақ жарақаттарының тұрмыстық жанжал барысында келтірілгені белгілі болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!