Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев қамауға алынды
Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев 26 тамызға дейін қамауға алынды. Қазір ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу қапасында отыр. Оған жемқорлық және қылмысқа қатысы бар деген айыптар тағылған. Ал Алмазбек Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев оның құқығы толықтай бұзылғанын айтады.
Автор: Әсем Қабылбек
09.08.2019
Қырғыз елінің бұрынғы басшысы Алмазбек Атамбаев 26 тамызға дейін тұтқындалды. Бұл – Бішкектегі Первомай аудандық сотының шешімі. Екі күн жүргізілген арнайы операцияның алғашқысы сәтсіз аяқталып, 1 адам қаза тапқан еді. Кеше 3 сағатқа созылған мәміледен соң Атамбаев құқық қорғау органдарына өз еркімен берілді. Экс-президент қантөгісті тоқтатуды және өз жақтастарының жапа шекпеуін қалайды.
- Иә, балаларыңызға ешкім тимейді.
Атамбаевтың Қой-Таштағы үйінен автоматтар, тапаншалар тәркіленді. Тұтқынға түскен жасақтың 6 әскері кері қайтарылды. Алмазбек Атамбаевты құрықтау кезінде әскерилер оның жақтастарына көзден жас шығаратын газ қолданды. Себебі, олар билікке қарсыласып, Қой-Таштағы үйдің ауласын күні-түні торауылдаған еді. Атамбаев ұсталған соң оның 1000-ға жуық жақтасы Ала Тоо алаңы мен Бішкектегі басты көшелерге шығып, жолды бөгеп наразылықтарын білдірді.
Ал экс-президенттің адвокаты Сергей Слесаревтың сөзінше, мұның барлығы жала. Атамбаевты тұтқындау операциясы мен оған тағылатын айыптар алдын-ала жоспарлаған. Билік мемлекеттік күзеттің қорғауындағы адамды тұтқындап, Ата Заңға қайшы әрекет жасап отыр дейді.
Сергей Слесарев, А. Атамбаевтың адвокаты:
- Ұлттық қауіпсіздік комитеті түнде жүргізілген операцияға алдын ала әзірленген. Өйткені жарты сағатта тұтқындауға негіз болатын тиісті құжаттарды бірінен соң бірін дайындапты. Сондай аз ғана уақытта барлығын жылдам ұйымдастырғанына таңым бар. Оған қоса Бас прокуратураның ғимараты Ұлттық қауіпсіздік комитетінен алыс та орналасқан.
Экс-президенттің осы уақытқа дейін Ішкі істер министрлігінің тергеуіне келмеуіне басты себеп: «тиіспеушілік мәртебесі». Ал 27 маусымда Жоғарғы Кенеш Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырды. Енді ол Қырғыз Республикасы Қылмыстық Кодексінің 43 және 312 баптары бойынша тергелмек. Яғни жемқорлық және қылмысқа қатысы бар деген күдікпен тергеу жүргізіледі. Адвокаттың айтуынша, Атамбаев ешқандай құжатқа қол қоймағанын және қылмыстық топтың серкесі Азиз Батукаевтың бостандыққа шығуына еш қатысы жоқтығын дәлелдеуге дайын. Қырғыз билігіндегі кезекті дүрбелеңге қатысты сарапшылардың түрлі пайымы бар. Саясаттанушы Аида Алымбаева пікірінше, экс-басшыны тұтқындау саясаттағы беделін түсіру үшін қажет дейді. Қазіргі биліктің мақсаты - келер жылы өтетін Парламент сайлауына Алмазбек Атамбаевтың партиясын қатыстырмау.
Аида Алымбаева, саясаттанушы:
- Мұны саяси элитаға жасалған ауыр соққы деп есептеймін. Атамбаев басқаратын Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы Парламент сайлауына қатыспаса, Жиенбеков Жоғарғы Кенештен көп орын иемденеді. Менің ойымша, Атамбаевты соттайды. Көшбасшысыз жақтастардың бірігуі өте қиын. Социал-демократиялық партия Атамбаевтың кезіндегідей белсенді болмайды.
Дәл қазір Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясында тергеушілер жұмыс істеуге кірісті. Зәулім үйдің ауласындағы шашылған оқ-дәрі, тастар, өртенген бұйымдардың барлығы назардан тыс қалмайды.
Екі күнге созылған арнайы операция кезінде жасақтың 1 сарбазы мерт болып, 50-ге жуық адам жарақат алды. Ал бүгін Бішкек орталығындағы жағдай тұрақталды. Қазір өңірдегі ахуал тәртіп сақшыларының бақылауында. Сарапшылар алдағы уақытта қантөгіске ұласатын наразылықтың болуы екіталай дейді. Себебі, елдегі сақтық шаралары барынша күшейтілген режимге көшті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!