Солтүстік Қазақстанда 1 жарым жастағы сәбиге көмек керек
Өмір үшін күрескен сәби. Солтүстік Қазақстан облысында Истоминдер отбасы 1 жарым жастағы Марияның өміріне араша сұрап, көпшіліктен көмек күтеді. Туғаннан бірнеше дертке душар болған сәбиден алғашында бәрі күдер үзген еді. Алайда ата-анасының табандылығының арқасында сәл болса да беті бері қараған бала қазір өздігінен отырып, тамақ іше алады екен. Бірақ бойындағы дендеген дерт сәбидің ұйқысын қашырып, маза таптыратын емес.
Автор: Мақсат Мәлік
12.08.2019
Сондықтан, Мария Истоминге шұғыл түрде Израильде ота жасату қажет. Ең қиыны, дәрігерлер кепілдік берседе бұл отбасының шет ел асуға еш қаражаты жоқ.
- Қызым, қазір тұрамыз ғой, иә?.. Оны киіндіре бастасақ, мәз болады. Өйткені оған тұрып, ойыншықтарымен ойнап жүрген ұнайды.
Истоминдер отбасының пәтерінде баланың дамуына арналған құрал-жабдықтың неше түрі бар. Туа бітті бірнеше дертке шалдыққан 1 жарым жастағы Мария күн сайын өмір үшін күресіп, тіпті ортопедиялық аяқ киіммен ұйықтауға мәжбүр. Себебі, бауыр еті баласының келешегіне алаңдаған ана оның аяғынан тік тұрып жүріп кетсе екен деп тілейді.
Оксана Истомина, Марияның анасы:
- Дүниеге келген сәтте бізге оны интернатқа тапсырып, сөйтіп тып-тыныш өмір сүру қажеттігін айтқан. Өздеріңіз көріп тұрғандай, балам мүгедек. Өздігінен тамақ ішіп, отыра алмайды. Басын да тік ұстау мүмкін емес. Бірақ, оған қарап тұрдым да, балам бәрін жеңіп шығады дедім.
Естеріңізге салайық, осыдан 1 жыл бұрын 6 айлық нәрестенің ауыр жағдайын елге жеткізіп, Марияға көмек қажеттігін айтқан болатынбыз. Сол кезде көзінде үміт ұшқыны жарқ еткен анасы кішкентайды оңалту үшін арнайы құралдар қажеттігін алға тартқан. Содан бері оның бүйрегіне 2 мәрте ота жасалып, 3 бірдей оңалту курсынан өтіпті. Қазір бүлдіршін өзі отырып, басын тік ұстай алады. Керек десеңіз, еңбектеп жүре бастапты. Истоминдер отбасын қатты қуантқаны, көпшілігі күдерін үзген баланың былдырлап тілі шыққан. Бірақ, сәбиге шешуші тағы бір ота жасалуы қажет. Егер бәрі сәтті өтсе, өмір үшін күрескен жұдырықтай жүрек аттай шауып кетпек.
Оксана Истомина, Марияның анасы:
- Жұлынға ота жасау керек. Сол арқылы баланың бойы мен дамуын тоқтатпай, қалыпты өсуіне жағдай жасалады. Егер дәл уақытында жасалмаса, бала сал болып қалады. Демек, біздің күндіз-түні кірпік қақпай еткен еңбегіміз далағак етеді деген сөз.
Дерті меңдеген балаға ота жасауға Израиль дәрігерлері келісім беріпті. Сәтін салса қараша айына белгіленген отаға шетелдіктер толықтай кепілдік беріп отырған көрінеді. Бірақ, оған 50 мың долларға жуық қаражат қажет. Оның үстіне жол шығыны мен жатын орынға тағы 6 мың доллар керек екен. Енді отағасының азғантай тапқанына ғана алақан жайып отырған Истоминдер отбасы көпшіліктен көмек сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!