Ақтөбеде елуден аса жұмысшы мұнай компаниясын сотқа берді
Ақтөбеде елуден аса мұнайшы «Сағыз Петролиум» компаниясын сотқа берді. Олар бұл мекемеден жиырма пайыздық үстеме ақыларын талап етіп отыр. Өйткені алты жыл бұрын бекітілген ұжымдық келісім-шарт бойынша айлықтарына экологиялық ахуалға қатысты қосымша ақша төленуі керек. Бірақ сол уақыттан бері бір тиын да өтемеген.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.08.2019
Сотқа арызданған елуден аса мұнайшының процесске түгел қатысуға мүмкіндігі жоқ. Жиналып, бір қорғаушының көмегіне жүгініпті. Вахталық әдіспен еңбек ететін жұмысшылар демалысқа шыққанда кезектесіп, сот отырысына қатысуға келіскен. Олар «Сағыз Петролиум» компаниясынан 20 пайыздық экологиялық үстеме ақыны талап етіп отыр.
Аймұрат Төремұратов, мұнайшы:
- Сол кен орны қай жерде тұр, бізге соның экологиясы үшін төлеуі керек еді. Байғаниннен бізге 20 процент төленуі керек. Соны төлемей отыр. Экологиялық зардабы тиіп жатыр. Күкіртті сутегі бар, шулы жерде жұмыс істейміз.
Мұнайшылар экологиялық үстемақыға қатысты ұжымдық шарттың алты жыл бұрын бекітілгенін айтады. Сол уақыттан бері әрбір жұмысшыға берешегі үш миллионға жеткен.
Рүстем Бақытжанов, мұнайшы:
- Сотқа шағымданған жұмысшыларға компанияның қарызы ең төмен дегенде миллионнан басталады. Үш миллион мен үш жарым миллион арасында.
Ал бұл дауға қатысты «Сағыз Петролуим» компаниясының басшылары пікір білдіруге құлықсыз.
- Қазір сотта біздің заңгер жүр. Заңгермен сөйлесіңіздер.
«Сағыз Петролиум» компаниясының заңгері де үстеме ақыға қатысты қандай да бір мәлімдеме жасаудан бас тартты. Мұнайшылардан бір білгеніміз – жұмыс берушілері олардың сыртынан алты жылда екі рет ұжымдық шартқа өзгеріс енгізген көрінеді. Екеуі де осы дауға айналған экологиялық ақыға қатысты болып тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!