Баландиннің көлігінің айнасын ұрлаған жігітке қатысты сот үкімі шықты
Алматыда Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасын ұрлаған сұғанаққа үкім кесілді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
13.08.2019
Бұған дейін прокурорлар қылмыскерді 3 жылға түрмеге қамауды сұрағанымен, бүгін судья оны сот залынан босатты. Тек 4 жылға бас бостандығын шектеді. Қоғам белсенділері ұрлық-қарлықпен күн көрген жігіт үшін бұл тым жеңіл жаза деп есептейді. Олар қылмыстың осы түріне келгенде заңның солқылдақтығына наразы.
Жанарымен жер тескен бұл жігітті бір қарағанда ұры деп ойламайсың. Десе де, ол бір күнде 2 қымбат көліктің айнасын қолды қылған нағыз сұғанақ. Содан болар, өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Айдос Уәлиевті 3 жылға темір торға тоғытуды сұраған. Алайда, бүгін судья сұғанаққа әлдеқайда жеңіл жаза кесті.
Кәмшат Сәуірова, №2 Алмалы аудандық сотының судьясы:
- Уәлиев Айдос Болатұлы Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша кінәлі деп танылады. Оның бұрын сотталмағанын, қартайған ата-анасының барын, жасаған қылмысын мойындап, ол үшін шын өкінгенін, жәбірленушілердің материалдық шығынын өндіріп бергенін ескере отырып, 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесіледі.
Іс сотқа жеткенде автоұры іле-шала қос жәбірленушіге айнаның ақысын қайтарып берген. Яғни, Дмитрий Баландинге 465 мың теңге, ал екінші «Land Rover-дің» иесіне көліктің қос қапталындағы айнасы үшін 300 мың теңге беріпті.
Осының бәрі ескеріліп, жарты жылдан бері қамауда отырған жігіт сот залынан босатылды. 4 жылға пробациялық бақылау орнатылды. Яғни, осы уақыт ішінде қылмыскердің жүріс-тұрысы жіті бақылауда болмақ. Айта кетсек, әккі ұры 30 наурызда Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында олипиада чемпионы тізгіндеген қымбат машинаның айнасын қолды қылған. Дәл осында былтыр автоұрылар Денис Тенді пышақтап кеткенін еске салайық. Айдос Уәлиев сол күні тағы бір көліктің айнасын шешіп алыпты. Сөйтсе, қылмыскер оған дейін де 3 рет ұрлыққа барған. Тек іс сотқа жетпеген. Қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай ұрлық-қарлықпен күн көрген мұндай адамдарға келгенде, заң солқылдақ деп есептейді.
Азаматхан Әміртай, қоғам белсендісі:
- Қылмыстың ең үлкен түрі осындай кішкентай қылмыстан басталады. Жазасы қатал болуы керек. Олай болмаса, бұл қылмыс қайталана береді. Ол басқа жастарды соған үйретеді.
Осылай деген қоғам белсендісі де Алматының қақ орталығында бір емес, екі рет айнасынан айырылыпты. Өкініштісі сол, сұғанақтар сол күйі құрықталмаған.
Ал ресми статистика биыл Алматыда айна ұрлығының 4 есеге азайғанын көрсетіп отыр. Былтыр жарты жылда қылмыстың бұл түрі 326 рет тіркелсе, осы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында 77 рет болыпты.
Сүреңсіз статистиканың сиреуіне Денис Теннің өлімі тікелей түрткі болды. Көлік айнасын ұрлағандардың қолынан қаза тапқан ұлдың ажалынан кейін құзырлы органдар күллі базарларды тінтті. Ұрланған айнаны өткізетін орталықтардың жұмысы әшкере болып, көлеңкелі кәсіпте нәсіп тапқандардың тынысы тарылғандай болды. Дегенмен де, автоұрылар айылын жиды деуге әлі ерте...
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!