Павлодарда жерасты суы көтеріліп, тұтас бір ықшамаудан тұрғындарына қауіп төнді
Павлодарда жерасты суы көтеріліп, тұтас бір ықшамаудан тұрғындарына қауіп төнді. Табиғаттың тосын құбылысынан үйлердің жертөлесі суға тола бастаған. Соның кесірінен, баспаналардың қабырғалары дымқылданып, көгеріп жатыр. Ал, жауын-шашынның ауылы алыс емес. Сондықтан, жандарын шүберекке түйген жұрт билік өкілдерінен көмек сұрады.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
14.08.2019
Айтжамал апай күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған. Өйткені, деңгейі күрт көтерілген жерасты суларының кесірінен үйінің қабырғалары дымқыл тартып, қақырай бастапты.
Айтжамал Никульча, қала тұрғыны:
- Жаңбыр жауса болды, су деңгейі көтеріледі. Дымқылдан қабырғаларымыз көгеріп, бөлмелерді жағымсыз иіс жайлайды. Үйдің тұсқағазы да түсіп бітті.
Жерасты сулары Екінші Павлодар ықшамауданының тұрғындарын бірнеше жылдан бері әбігерге салып келеді. Жиі қайталанатын табиғаттың тосын құбылысынан кей үйлердің қабырғасында жарық та пайда болған. Ең алдымен жертөлелелер суға толады.
Күрмеулі мәселені шешу үшін жергілікті билік өкілдері 125 миллион теңгеге арнайы қазаншұңқыр қаздыртыпты. Әрі суды тарту мақсатында 8 ұңғыма бұрғылаған. Бірақ, тұрғындар мұның бәрі уақытша шара деп есептейді. Олардың айтуынша, тілсіз жаудың нақты себебін анықтамай, қауіп сейілмейді.
Айнаш Сүтбаева, қала тұрғыны:
- Әкімдіктегілер бізге жерасты суларының қайдан келіп жатқанын, оның көтерілу себебін анықтайтын ұйым жіберсін. Өйткені үйіміз жаңбыр жауған сайын су астында қалады.
Қауіпті аумақта 500-ден аса үй бар. Жаңбырсыз-ақ жағдайдың осындай болып тұрғанына қарап, жұрт күзді үлкен үреймен күтіп отыр. Алайда, атқамінерлер алаңсыз.
Бауыржан Әбілханов, Павлодар қалалық әкімдігінің қызметкері:
- Қазір жағдай тұрақталып, су деңгейі түсті. Бұл аумақта күнделікті су соратын көліктер жұмыс істеп жатыр. Олар шақырған үйлерге тез арада барады.
Ал жер үйлердің тұрғындары су деңгейі аптап ыстықтың әсерінен уақытша түскеніне сенімді. Сондықтан, олар тізеден су кешпей тұрғанда, апаттың алдын алуды талап етеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!