Ұрып жатқызған. Алматы облысында балаға қол жұмсаған тәрбиеші жұмыстан қуылды
Алматы облысында балаға қатыгездік көрсеткен тәрбиеші жұмыстан қуылды. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемесіндегі келеңсіз жайт бейнебақылау камерасына жазылған. Оқиға кеше Іле ауданы Байсерке ауылындағы балабақшаның бірінде болды. 1,5 жастағы балақайдың ата-анасы тәрбиешінің үстінен арыз жазған. Қазір оқиғаның мән-жайы тексерілуде.
Автор: Әсем Қабылбек
15.08.2019
Алматы облысында 1,5 жастағы сәбиге күш көрсеткен тәрбиеші осы балабақшаның қызметкері. Оның қатыгездік әрекеті бейнебақылау камерасына жазылған. Түскі астан соң балаларды ұйықтатқан сәтте балақайды ұрып жатқызғаны анық көрінеді. Ағалы-інілі бауырлар бір күн бұрын ғана осы балабақшаға қабылданған екен. Кешке қарай кіші ұлының қызарған қолын көріп анасы дабыл қағады. Болған жайтты балабақша меңгерушісіне дереу жеткізіпті. Алайда, кіші топқа бекітілген тәрбиешінің көмекшісі кінәсін мойындамаған.
Гүлфариза Қасымбекова, балабақша меңгерушісі:
- «Менің ешқандай қолымды тигізген жоқпын. Ешқандай жарақат жасамадым» дегеннен кейін, ол кісінің бейнежазбаны көрейін дегеніне қарсылық білдірмедім. Екеуіміз бірге отырып көрдік. Көрген кезде жаңағы жағдайды байқадым. Енді «Кешірім сұраймын. Алдынан өтемін» деп отыр.
Балабақша меңгерушісі Гүлфариза Қасымбекованың айтуынша, мұнда 150 бала тәрбиеленеді. 2013-те ашылған балабақшада осындай келеңсіздік ешқашан болмаған.
Гүлфариза Қасымбекова, балабақша меңгерушісі:
- Мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отырмын. Енді маған бұл өте ауыр болып тұрй. Ол қызды тамыздың басында ғана сынақ мерзімімен жұмысқа алып едім. Өзі «арнаулы педагогикалық колледжді бітіріп келгеннен кейін, қалада бір-екі жерде жұмыс істеп келдім» деген соң, шамалы еңбек өтілі бар, балабақшада жұмыс істей алады ғой деп алып едім. Кішкентай топты енді жасақтап жатқанбыз. Ол жерде 10-12 ғана бала бар.
Жалпы Байсерке ауылдық округінде 23 балабақша болса, соның біреуі ғана мемлекетке тиесілі. Жекеменшік балабақшадағы жайтты естіген ата-аналар шошып отыр.
Жанар Қасенова:
- Мына жағдай мені шошытты. Осындай қатыгез адамды бала тәрбиелеу ісінен мүлдем аластату керек. Өздеріңіз білесіздер, ауылда бала күтушісін табу өте қиын. Мұнда жиі кадр ауысқанымен, балабақшаның жұмысы мен тамағына көңілімнен шығады. Мен 2 баламды осы балабақшаға беремін.
Зардап шеккен бөбектің ата-анасы сұхбат беруге құлық танытпады. Бүгін екі ұлын да балабақшаға әкелмепті. Бір анығы болған жайтқа қатысты прокуратураға арыз жазған. Тергеу басталды. Небәрі 10 күн бұрын жұмысқа орналасып, кішкентайға қол жұмсаған Аида есімді тәрбиеші ұшты-күйлі жоқ. Ұялы телефоны сөндірулі. Ал, Іле аудандық білім бөлімінің өз бетінше шара қолдануға құзыры қысқа. Прокуратурадан пәрмен түсуі тиіс.
Арайлым Төлеубекова, Іле аудандық білім бөлімінің бас маманы:
- Іле аудандық прокуратурасына барып жолықтық. Сол жерге ата-анасы келіп отыр екен. Мән-жайдан сонда хабардар болдық. Қазір тәрбиеші жұмыстан босатылды. Сот шешімі бола ма, жоқ, прокуратураның бізге ұсыныс хаты келе ме, соған қарап біз шара қолданамыз.
Аудандық білім бөлімі жекеменшік балабақшаның жұмысына араласа алмайды. Себебі, аты өзі айтып тұрғандай жекеге тиесілі. Қазір жекеменшік балабақшадағы қатыгездікке қатысты істі Іле аудандық прокуратурасы қолға алды. Алдағы уақытта құзырлы органның ұсынысымен балабақшаның қожайынына әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!