Өлімнен ақша жасағандар. Ақтөбеде елу зиратты қарамағына алған орталықтың былығы ашылды
Ақтөбеде елу қорымды бақылауына алып, үлкен дауға себепкер болған орталықтың былығы ашылды. Сенімгерлікпен басқарып отырған компания бейіт басын таза бизнеске айналдырып, зиратқа жерлеу рәсімімен айналысатын өзге мекемелерді жолатпай қойған. Олардың заң бұзғанын жоғарғы сот та растаған. Енді шенеуніктер шектен шыққан кәсіпкерге қомақты айыппұл салмақшы.
Автор: Жаңалық Ахаш
21.08.2019
Ақтөбеде марқұмды ақырғы сапарға аттандыру тым қымбатқа түсетін болған. Өйткені осыдан екі жыл бұрын қала маңындағы барлық қорым жекенің қарауына өтті. Ол кезде тұрғындар қарсы шыққанымен, құлақ асқан ешкім болмады.
Жерлеу рәсімімен айналысатын орталық қолына билік тиісімен мола басында ақтық сапарға аттандыруға ақша ала бастаған. Христианша жерлеу 80 мың теңгеге дейін жетсе, мұсылманша жерлеу 120 мың теңгеден басталады. Марқұмның туыстары көрді өздері қазғанның өзінде, жиырма мың теңгеден алған. Заңға сәйкес әр адамға елімізде жерлеу үшін алты шаршы метр тегін беріледі. Бұған орталық басшылары бас қатырмапты.
Расима Латыпова, жерлеу қызметін көрсетушілер қауымдастығының заңгері:
- Көбіне марқұмның туыстары жақындарымен, көрші-көлемімен көрді өздері қазып жатады. Соған қарамастан жерлеу рәсімін ұйымдастыру орталығы 20 мың ақша алады. Онымен қоймай моланың арасында жарты метр жер қалуы тиіс. Орталық болса ол жерлерге де адам жерлеп, арты біраз дауға айналған жайы бар. Көр қазуға келген басқа компанияның қызметкрелерін қорымнан қуып, қорқытады.
Енді қорымдарды сенімгерлікпен басқарып келген орталыққа заңсыздықтары үшін айыпұл салынуы мүмкін. Өйткені Жоғарғы соттың өзі зират басында бәсекелестік заңнамасы бұзылған деп отыр.
Сағындық Ерғалиев, Ақтөбе облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары:
- Жерлеу рәсімі бір ғана орталыққа берілген. Бұл бәсекелестік заңдылығына қарсы. Бізге басқа компаниялар арызданып, сотқа да берген едік. Облыстық соттан жеңілгенімізбен, Жоғарғы сот заңның бұзылғанын растап, шешімді бұзды.
Қорымды қарауға орталық әкімдіктен сенімхатты бес жылға алған. Шартқа сәйкес егер үстінен шағым көп түсетін болса, шенеуніктердің келісімді үзуіне құқығы бар. Ал оның өзге кәсіпкерлерді жолатпай, өз қызметін ғана тықпалағаны үшін нақты қанша айыппұл төлейтінін монополияға қарсы департаменттегілер айта алмай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!