{metadescription}
«Біздің бала 10 рет тартылды». Елордада ұлдары әскери мектепке түспей қалған ата-аналар наразылық білдірді
«Біздің бала 10 рет тартылды». Елордада ұлдары әскери мектепке түспей қалған ата-аналар наразылық білдірді

«Біздің бала 10 рет тартылды». Елордада ұлдары әскери мектепке түспей қалған ата-аналар наразылық білдірді

Елордада армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің төңірегінде үлкен дау шығып жатыр. Бір топ ата-ана ұлдарының әскери оқуға түспей қалғанына наразы. Айтуларынша, балалары спорттан да, білімнен де жақсы нәтиже көрсеткенімен емтиханнан жаппай сүрінген.

Мақтаулы «Жас Ұлан» мектебіне биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам талапкер құжат тапсырған. Сайдың тасындай жігіттер айға жуық іріктеліп, бүгін оқуға түскендердің тізімі шықты. Тек оған ұлдары емтиханнан өтпей қалған ондаған ата-ананың көңілі толмай отыр. Өйткені, ұлдарынан әлдеқайда төмен балл алған оқушылар оқуға түсіп кеткен дейді.

- Киіков 4 рет тартылды. Ал біздің балалар 10 рет тартылды. Олар өтпей қалды. 4 рет тартылған бала өтіп кетті. 50 балмен. Қай себеппен? Соны айтыңызшы!

Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мектепке түсу үшін үміткерлер алдымен медициналық және психологиялық тексерістен өтіп, кейін математика, қазақ тілі, дене шынықтыру секілді пәндерден емтихан тапсырған. Нетижеге көңілі толмағандардың көбі осы барлық сынақтан сүрінбей өтіп, жоғары бал алғандарын айтады. Әскери адам болып, отанына қызмет етуді армандаған ұлдардың көңілі енді су сепкендей басылған.

Әлімхан Әміров, талапкердің әкесі:

- Екі жыл дайындалды. Армандап келіп еді. Енді көріп тұрғаны мынау. Сонда бұл «Жас Ұланда» болашақта қандай мамандар болады? Отанды қайтіп қорғайды, осылай жемқорлық бола берсе? Шындықты айту керек қой. Қашанғы бұға береміз?

Айта кетерлігі, оқуға түспеген оқушылардың көбі психологиялық сынақтан сүрінген екен. Қазір талапкерлердің бірі құжатын қайтарып алып жатса, енді бірі апелляциялық шағым түсіріп жатыр. Ал жылда осындай дауға қалатын мектеп басшылығы іріктеудің әділ, ашық өткенін айтады.

Өйткені, емтихан барысын ата-аналар комиссиясы өзі бақылап, барлығы бейнебақылау камерасына түсірілген.

Тілеухан Басқожаев, С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінің бастығы:

- Ата-аналар талап етіп жатса, «менің балам дене шынықтырудан жақсы жүгірді» деп жатса, біз түсірілген бейнежазбаны ата-аналарына көрсетіп береміз. Баласын жақтайды ғой енді. Қарға баласын әппағым дейтініндей, әркім өз баласын жақтап келеді. Сол үшін біз осыны таспадан көрсетеміз. Сіздің балаңыздың нәтижесі осындай болды деп айтамыз.

Жас-Ұланға түспеген талапкерлердің ендігі үміті апелляциялық комиссияда. Оның қорытындысы ертең белгілі болады. Ал, ашулы ата-аналар «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілгеніне сенімді. Сондықтан Бас прокуратураға шағымданып, әділдік іздемек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде