Тянь-Шаньда із-түссіз жоғалған альпинистерді іздеу жұмыстары уақытша тоқтатылды
Тянь-Шаньда із-түссіз жоғалған альпинистерді іздеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Себебі, бүгін тауда тағы қар жауып, ауа-райы қолайсыз болып тұр. Енді бұл жұмыстар күн ашылған соң жалғаспақ. Соған қарамастан, хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың туыстарына көңіл айту басталып кетті. Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевтің тірі табылуы екіталай деген Алматы альпинизм федерациясы олардан айырылу орны толмас қаза екенін жеткізіп үлгерген.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
21.08.2019
Апта бұрын жоғалған Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевтен әлі хабар жоқ. Қырсыққанда, бүгін тауда ауа райы тағы бұзылып, альпинистерді іздеу жұмыстарын тоқтатып қоюға тура келген. Қазір құтқарушы топ Қарқара альпинистік лагерінен шыға алмай отыр. Биіктіктегі қолайсыз ауа райынан тікұшақ та ұша алмады.
Нұрсұлтан Нұрахметов, ТЖК ресми өкілі:
- Іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастыруға ауа райы мүмкіндік бермей отыр. Өйткені, тауда қар жауып жатыр. Біз күннің ашылуын күтіп отырмыз. Ауа райы қалпына келсе, тікұшақ іздеу шараларына қайта кіріседі.
Естеріңізге салсақ, альпинист Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин тамыздың басында қырғыз жақтағы Жеңіс шыңын бағындыруға аттанған еді. Кері жолда кенеттен қар көшкіні жүрген. Оқыс оқиғадан альпинистердің бірі - Александр Чечулин қайтыс болады. Бұл туралы іздестіріліп жатқан екеу 6 күн бұрын соңғы рет байланысқа шыққанында айтқан. Өкініштісі сол, бұдан кейін өздері де ізім-ғайым жоғалды. Алматы альпинизм федерациясы болса, қаралы хабарсыз-ақ көңіл айта бастады. Мұндағылар екі азаматтың қар астында қалғанына сенімді. Әрі олардан айырылу еліміздің альпинизм саласы үшін орны толмас қаза екенін мәлімдеді.
Артем Скопин, Алматы альпинизм федерациясының президенті:
- Менің ойымша, аман қалу мүмкіндігі жоқ. Егер олар тірі болса, қандай да бір із болар еді. Тау оларды өздеріне алып кетті. Тіпті, екеуінің мәйітін табудың өзі мүмкін емес. Альпинистердің сүйегі мұздық жылжығанда, шамамен 50 жылдан кейін төмен қарай жылжып түсуі мүмкін.
Артем Скопиннің айтуынша, қар көшкінінен соң, Тянь-Шаньнің бөктерінде мүлдем із қалмаған. Айта кетсек, тауға кеткен үш азамат бұрыннан айырылмас дос болған. Олар Жеңіс шыңын тағы бір мәрте бағындыруды былтырдан бері жоспарлапты. Ал, Мұрат пен Андрейдің соңғы рет хабарласқанда шатыр мен құрал-жабдықтарынан айырылғаны туралы айтқанын алға тартқан жақындары жақсылықтан үміт үзбейді. Олар қазір альпинистер үңгірде жатқан болуы мүмкін дегенді алға тартады.
Айгүл Матай, М. Өтепбаевтың қызы:
- Бізде мүмкіндік бар. Әкем расында өте мықты адам. Мен оның тірі екеніне сенемін. Сондықтан, оларды соңына дейін іздеу керек.
Өтепбаев пен Корнеев альпинизмде бұған дейін талай жетістікке жеткен. Яғни, тәжірибелі мамандар. Уайымға салынған жақындары оларды іздеу жұмыстарын тоқтатпауды жалынып сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!