{metadescription}
Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің жиынын өткізді
Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің жиынын өткізді

Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің жиынын өткізді

Барлық сайлау конституциялық мерзімде өтеді. Бүгін «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің отырысын өткізген Елбасы парламент сайлауын күтіп, қоғамда қызу талқылап жүргендерге жауап қайтарып, соңғы нүктесін қойды. Ал мәслихаттардың келесі сайлауы алғаш рет мәжілістегідей партиялық тізім бойынша өткізілмек. Сондай-ақ, Назарбаев партия қатарына жастарды көбірек тарту қажеттігіне тоқталды.

Еліміздің ең ықпалды ұйымына мүше саяси элита мен аймақтағы партия өкілдері бас қалаға тегіс жиналды. Мұндай басқосу күнде бола бермейтіндіктен бір-бірін көптен көрмеген партия мүшелері қауқылдасып қалды.

Партия төрағасы жиынды ашқан соң, көп созбады. Бірден премьердің баяндамасын тыңдады. Кейін партияның парламенттік фракциясының жетекшісі сөз алды. Ал Маңғыстау облысының әкімі қызметіне тағайындалғанына екі ай болған Серікбай Тұрымов өңірдегі ахуалды тілге тиек етті.

Серікбай Тұрымов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Партияның қазіргі таңдағы негізгі міндеттерінің бірі – халықпен ашық қарым-қатынас орнату, кері байланысты қамтамасыз ету. Өзіңіз тапсырғандай, біз негізінен партия мүшелерінің санына емес, сапасына басты назар аударудамыз.   

Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімдердің партиялық жұмысына көңілі толмайды. Ол ғаламдық мәселені қозғап, қолын айға сермейтін шенеуніктерге жерге түсіп, ауыз су мәселесін шешіп, шұрық-тесік жолдарды жөндеуге пәрмен берді. Жылы кабинеттерінен шығып, халыққа жақын болуды тапсырды. Елбасының белсенділік танытудың орнына керек кезде тасада бұғып қалатын партияластарына да көңілі толмайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының төрағасы:

- Партиямызда 800 мың адам бар. Солардың қайсылары белсендірек? Шымкентте партияның туын орталық ғимараттан жұлып алды. Ешкім үндеген жоқ. Бәрі отырды ғой, партия қайда болды? Оны орнына кейін барып қойдық. Белсенділікті қайда көрсетіп жүрміз? Біз билік партиясымыз.  

Елбасы «Алма піс, аузыма келіп түс деп» қол қусырып отыратындардың да шаңын қақты. Тәуелсіз ел болғалы 30 жылға таяса да, әлі күнге мемлекетке қол жаятындарға жұмыс істеуге кеңес берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының төрағасы:

- Жұмыс істеңдер. Жұмыс істемесек, ештеңе болмайды. Мемлекеттің қаражатын жинайтын ел, халык. Ол халық жұмыс істемесе, мемлекеттің қалтасында ештене болмаса, нені береміз деп айтып түсіндіру керек емес пе?

Назарбаев жоғары оқу орындарында парақорлықтың шегіне жеткенін жасырмады. Студенттердің емтихандағы оң бағаны ақшаға сатып алатынынан хабардар. Тіпті, баласының сынақтан сүрінбей өтуіне ата-ана ай сайын ауылдан соғым салып жібереді. Сондықтан осы саладағы былықты шешуді министр Асхат Аймағамбетовке тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының төрағасы:

- Ректорлармен жұмыс істеу керек. Бірнеше жыл, 10-20 жылдан отырған ректорлар бар. Білім және ғылым министрі қайда? Сен соның бәрін қара. Қазір біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен келістік. Президент тағайындамайды. Үкімет жасайды. Жұмыс істейтін, балаларға жаны ашитын, білім беретін адамдарды қалдыру керек.

Партия төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсететін шенеуніктерді де сынады. Әсіресе, сыни материалдардың жолын кесіп, эфирге не басылымдарға шығарттырмайтын атқамінерлердің кім екенін білеміз деді. Сөйтіп, Елбасы енді мұндай бассыздыққа жол бергендердің жұмыстан қуылатынын ескертті. 

Екі сағаттан астам уақытқа созылған жиынның өзегі мынау. Басты мәселе – «Nur Otan»-ның жұмысын жетілдіру. Назарбаев саяси ұйым мүшелері алға қойған міндеттерін орындамаса, орнымызға басқалар келеді деп ескертті. Оның үстіне жемқорлықпен күресті күшейтіп, қатарды тазартуды бүгіннен бастайтынын айтты. Ал «Nur Otan»-ның белгісін кеудесіне бүгінгідей жиынға ғана жапсырып келетін шенеуніктерге күн сайын тағып жүруді тапсырды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде