Алматыда көршілер ортақ жолды бөлісе алмай отыр
Алматыда көршілер ортақ жолды бөлісе алмай отыр. Наурызбай ауданының тұрғындары соңғы 4 жылдан бері көпшілік жүретін жолдың аумағын анықтай алар емес. Аталған жер телімдері Қарасай ауданынан Алматы қаласының қарамағына өткен екен. Істі қараған сот та бұл дауға нүкте қоя алмай отыр.
Автор: Әсем Қабылбек
22.08.2019
Наурызбай ауданының Қозыбасы көшесіндегі 30 үйдің тұрғыны соңғы 3-4 жылдан бері мына менің ту сыртымда тұрған қақпаның тас қамалға айналғанын айтады. Айтуларынша, көршісі 10 метрлік аумақты қоршап алып өзіне жеке автотұрақ жасаған. Соның кесірінен көшенің арғы бетіне өту қиындапты. Өзге көшелерді айналып өтуге мәжбүр.
Бір көршінің әлегі жүз адамға жүк. Көпке ортақ көшені өз аулам деп меншіктеп алған Ирина Хан ешкімге дес бермейді. Автотұраққа көлігін қойып ортақ мәмілеге келер емес. Кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жерге 2 баспана тұрғызған. Қолымда құжатым бар дейді.
Ирина Хан, Алматы қаласының тұрғыны:
- Жолдан емін-еркін жүріп өту үшін әкімдік менің учаскемді сатып алсын. Маған өтемақы төлеуі тиіс. Егер көшенің тарлығы ұнамаса әркім өз ауласына қарай 10 метрге ығыссын. Қажет болса, көршілердің өтінішімен қақпаны уақытша ашамын.
Осыған дейінгі өткен сотта Ирина Хан 40 метр жерді мемлекетке меншігіне қайтарған. Оған 34 сотық жер тиесілі. Тар көшенің бойындағы қоршау қозғалысты ушықтырып тұр. Тіпті аулаға жаяу кірудің өзі мұң.
Максим Хаблов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мына бағаналар мен газ құбырын әкімдік тартып, жол салды. Ирина Хан болса жолдың қақ ортасын қоршап алған. Маған тиесілі 10 сотық жерді 2005 жылы ата-анам сатып алған. Ол кезде жан-жағы ашық болатын. Қазір осы жерде құрылысты бастай алмай отырмын.
Әлмағамбет Шалабаев, медресе оқытушысы:
- 22 үйде қайырымдылық мекемесін салып жатырмыз. Бұл – Қазақстан діни басқармасының өкілдерімен келісіліп жасалып жатқан жұмыс. Негізі, 2012 жылы ашылған. Ол кезде бұл жер көше болатын. Ашық болатын. Қазір де құрылыс кезінде қиыншылықтар көріп жатырмыз. Үлкен машиналар келеді де, жолды жауып қалады.
Тұрғындардың пікірінше, Қозыбасы көшесіне сел қаупі жиі туындайды. Табиғи апат кезінде дабыл қағылса көшеде кептеліс пайда болады екен. Өрт сөндірушілер мен жедел-жәрдем мүлдем кіре алмай, сергелдеңге түседі. Түсірілім тобы келгесін қоршау иесі қақпаны уақытша ашты.
Галип Рахманов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Менің үйім, міне, «Қозыбасы, 61». Бұрын «Новая, 9» болған. Мынау ашық жер еді. Ал 100 метрден кейін Иринаның үйі тұр. Немерем ауырған кезде жедел жәрдем көлігі арғы жақтан келді де, қақпаға тіреліп 1 сағат тұрды.
Алматы қаласының бас жоспарында бұл жер көше деп жазылған. Алайда атқамінерлер іс жүзінде қауқарсыз. Себебі, Наурызбай ауданы 2014 жылы құрылған. Ал Ирина Ханның қолындағы жердің мемлекеттік актісін Қарасай аудандық жер қатынастары бөлімі 2012 жылы берген. Ол кезде бұл аумақ Алматы облысына тиесілі болатын.
Оңалбек Қыдырбаев, Наурызбай аудандық әкімдігі көріктендіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Ол мәселе бізге таныс. Наурызбай ауданының жарты жері Қарасай ауданынан бізге қосылған. Ол акт 2012 жылы Қарасай ауданынан берілді. Қазір сот болып жатыр. Соттың шешіміне байланысты мүмкіндігінше жасап береміз.
Ортақ жолдың аумағын анықтауға қатысты сот процесі 2 жарым жылдан бері жалғасып келеді. Қарасай аудандық жер қатынастары жерді бөлгенде қателік жібергенін мойындаған. Алайда Наурызбай аудандық соты істі қарап, оны ескермепті. Заң бойынша ашық болуы тиіс жолды қазір 30-дан аса үйдің иесі қолдануы керек. Енді олар Алматы қалалық сотына жүгінбек. Алғашқы отырыс ертең өтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!