Тянь-Шаньда із-түссіз жоғалған альпинистерді іздеу жұмыстары еш нәтиже берер емес
Тянь-Шаньда із-түссіз жоғалған альпинистерді іздеу жұмыстары еш нәтиже берер емес. Бүгін таудағы ауа райы дұрысталып, құтқарушылар тікұшақпен қайта көтерілген болатын. Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевті іздеген топ Жеңіс шыңын 14 рет айналып, қарап шыққан. Алайда биіктен адам ізін де таппапты.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
22.08.2019
Василий Пивцов, іздеу-құтқару операциясының жетекшісі:
- Іздеу жұмыстары 5100-ден 6000 метрге дейінгі биіктікте жүргізілді. Бөктерге 70 метр қашықтыққа дейін жақындадық. Бірақ көзбен шолу және тепловизор арқылы іздеу нәтиже бермеді. Тірі адамдардың іздері де, мәйіттері де табылған жоқ.
Қазір құтқарушы топ Алматы облысындағы Қарқара альпинистік лагерінде отыр. Олар ұшты-күйлі жоғалған азаматтарды жаяу іздеу мүмкін емес дейді. Өйткені Тянь-Шаньда қар көшкіні қаупі жоғары. Оның үстіне, альпинистер жүріп өтуі мүмкін деген аумақтың көлемі үлкен. Естеріңізге салсақ, Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин тамыздың басында қырғыз жақтағы Жеңіс шыңын бағындыруға аттанған еді. Үш дос бұл сапарды былтырдан жоспарлаған. Алайда кері жолда кенеттен қар көшкіні жүреді. Соның салдарынан альпинистердің бірі - Александр Чечулин қаза тапты. Бұл қаралы хабарды іздестіріліп жатқан екеу апта бұрын соңғы рет байланысқа шыққанында жеткізген еді. Өкініштісі сол, бұдан кейін өздері де ізім-ғайым жоғалды. Сөйтіп, жексенбіде олар Тянь-Шаньның бөктерлерінен іздестіріле бастаған. Тек кеше бұл жұмыс ауа райына байланысты тоқтатылған болатын. Ал ертең құзға өрмелеушілерді іздеу-құтқару жұмыстарының жалғасатыны, не тоқтатылатыны әзірге белгісіз. Қорғаныс министрлігіндегілердің мәлімдеуінше, бұл жағын арнайы мамандар шешуі тиіс. Айта кетейік, қос альпинисті бала-шағасы әлі де үміт үзбей, күтіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!