Алматыда аллергия өршіп тұр. Биыл дәрі-дәрмек салдарынан осы ауруға шалдыққандар көп
Алматыда аллергия өршіп тұр. Биыл, әсіресе, дәрі-дәрмектің салдарынан осы ауруға шалдыққандар күрт көбейген. Осылай деп дабыл қаққан дәрігерлер препараттарды тек маманның нұсқауымен ішуге кеңес береді. Оған қоса, нарықты сапасыз антибиотиктер жаулағанын алға тартып отыр. Аллергиядан запы көргендерге ақ халаттылар қандай кеңес береді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
22.08.2019
6 жастағы Дарын үш ай бойы тоқтаусыз түшкіріп, күндіз-түні жөтеліп мазасы кеткен. Алғашында тұмау деп ойлаған атасы ауру қоза түскенде ғана немересін қарата бастапты. Мақат Нүсіпбаев баланы апармаған аурухана, көрсетпеген дәрігері жоқ. Айтуынша, аллергиямен бетпе-бет келген жеткіншектің нақты диагнозын қою ақ халаттыларға оңай болмаған.
Мақат Нүсіпбаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Ауадан болуы мүмкін. Тамақтың бәрі химикат болып кетті ғой. Солардан да болуы мүмкін. Әйтеуір, ажырата алмайсың. Бала жөтеледі, түшкіреді тура суық тигендей көрінеді. Мықты дәрігерлерге көрсетпесең, анықтау қиын екен. Үш ай бойы антибиотик салды, одан көмек болған жоқ. Осы жаққа келіп, балам жақсы болып келеді.
Расыменде, республикалық аллергиялық орталықта дертіне дауа іздеген халықтың қарасы қалың. Аллерголог-дәрігерлер көк шыққаннан күн суытқанша дейін тыным таппай жұмыс істейді. Аурумен әлек болған тұрғындар мұңдарын шағып жиі келеді дейді. Мамандар биыл әсіресе, дәрілік аллергия өршіп тұрғанын айтып дабыл қақты. Тіпті, аурудың салдарынан ажал құшқандар да бар екен.
Жадыра Оразбаева, аллерголог-дәрігер:
- Орталыққа Қазақстанның басқа өңірлерінен де келеді. Былтыр 10 болса, биыл 20 пайызға артты. Жылдан жылға көбейіп жатыр. Соңғы жылдары дәрілік аллергия көбейді. Дәрілік аллергияның салдары өте ауыр. Қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Шектен тыс немесе нұсқаусыз қабылдауға болмайды. Кей кездері рецептпен қабылдағанның өзінен реакция беріледі.
Ақ халаттылар сапасы сын көтермейтін дәрі-дәрмектерді қатаң тексеру керектігін алға тартып отыр. Өйткені, дәрілік аллергиядан құлан таза айыға алмай аласұрған жандар көбейген. Ал ауруы дендегенде өзін қоярға жер таппайтындар маманның кеңесінсіз түрлі дәрілік заттарды пайдалануға мәжбүр. Дәрігерлер бұл шарасыз әрекет аллергияны одан сайын асқындырып, қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!