Атырауда театр өнерінің қара шаңырағы өртенді
Атырауда Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры өртеніп кетті. Болжам бойынша, өрт ғимарат ішіндегі электр торабынан шыққан. Кейін жалын жоғары қабаттарды шарпып, шамамен 2000 шаршы метрге жуық жер күлге айналды. Өнер ордасы миллиардқа жуық теңгеге былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен болатын.
Автор: Жанар Низамутдинова
22.08.2019
Өрт шамамен түскі бірлер шамасында басталды. Арнайы қызмет жедел жеткенімен, қызыл жалынды бірден ауыздықтай алмады. Қайта тілсіз жау лезде күшейіп, театр ғимараты төрт сағаттың ішінде күлге айналды.
Алдағы сенбіде кезекті маусымы ашылады деп отырған мәдени нысандағы өртті өшіруге 50-ден аса маман жанталасып жатыр. 10 арнайы техника тартылған. Соңғы ақпараттар бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Әлимұхаммед Құттымұратұлы, Атырау қаласының әкімі:
- Шұғыл штаб құрылды. Себебін комиссия анықтайды. Барлығын қалпына келтіреміз. Шамамен 13:00-де басталды. Содан кейін өрт сөндірушілер бірден жұмысты бастап кетті. Қызметкерлер әлі келіп жатыр. Барлығы да жеткілікті.
Театр ғимараты өткен жылы жөндеуге жабылып, 1 жыл 1 ай дегенде, яғни, биылғы мамыр айында қайта ашылған еді. Жөндеу жұмыстары кезінде сахна, акустикалық жабындылар мен көрермендер залын жарықтандыру техникасы, залдағы орындық жабындылары түгелдей ауыстырылған. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен бақандай 800 миллион теңге бөлінген еді. Өкінішке қарай, бүгіні өрт соның бәрін күлге айналдырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!