Алматыдағы көпқабатты үй тұрғындары ауыз суды сырттан тасып ішіп отыр
Алматының ортасында тұрып ауыз суға жарымай отыр. Қараусыз қалдық деген Шұғыла ықшамауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары жаз басталса суды сырттан тасып ішеді. Өйткені, сапасыз құбыр екі күнде бір жарылады екен. Тағаты таусылған жұрт құбырды жамай бергенше, жаңасына ауыстырып берсін деп әкімдікке талап-тілектерін жеткізді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
23.08.2019
Аптасына екі рет бар ыдысты суға толтыру Айжан Дүйсекенова үшін үйреншікті жайт. Жаңа пәтерге наурыз айында қоныс аударған отбасы қала ішінде тұрып, бір жұтым суға зар болдық деп күйінеді.
Айжан Дүйсекенова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Аптасына екі күн су берсе, қалған күні су болмайды. Міне, осылай тамшылап тұрады. Барлығымыз пластик бөтелкемен тасимыз. Арнайы көлікпен су әкелсе, жуынғанға құйып аламыз. Бес баламен мынандай жағдайда тұру мен үшін өте қиын. Ата-әжесіне апарып тастадым.
Шұғыла ықшамауданындағы көп баспананың арасынан тек мына көпқабатты екі үйдің тұрғындары суға жарымай отыр. Сабыры сарқылған жұртқа «кір жуу, жуыну» деген арманға айналғалы қашан. Аңқасы кепкен қараша суды сырттан тасып, сатып ішуге мәжбүр.
Нұрзат Кәкітайқызы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Өте жақсы құрылыс материалдарымен салынған, құбырлары мықты деген жарнамасы сайтта бар. Солай алдық. Бірақ 8 айда 800 рет құбыр жарылу деген қандай өмір ол? Жарайды, ыстық судың болмағанына үйрендік. Ал суық су болмау деген масқара. Отыз жыл Алматыда тұрдым. Ондайды көрмегенмін.
Ипотекаға баспана алғандар жарнамасы жер жарған жаңа үйлердің соңғы легі инфроқұрылымның игілігінен ада. Құрылысы шала-шарпы салынған деп налиды.
Шұғылалықтарды тіршілік нәрінен тарықтырған мына су құбыры. Ашынған тұрғындардың айтуынша, құбырдан аптасына үш рет ақау шығады екен. Тіпті, коммуналшылар қазылған шұңқырды жабуға асықпайды. Өйткені, сапасыз құбырдың тағы қашан жарылатыны белгісіз.
Ерік Ерімбетов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мынандай қылып жасап қойды. Кетпейді дейді. Екі күннен кейін тағы кетеді. Не үшін деп сұрасаң, су арнасы қатты жібереді береді дейді. Олай болса, неге барлығында су өшпейді? Қалғандарында ыстық су да бар. Демек, құбыр сапасыз. Техникалық қадағалау мамандарының оны қалай қабылдап алғаны бізге беймәлім. Мына жүз метр құбырды ауыстырып беріңдерші деп өтініш жасадым.
Көп ұзамай әкімдік өкілдері де төбе көрсетті. Шулаған халықты сабырға шақырған шенді ауыз су мәселесі алдағы уақытта толығымен шешілетінін жеткізді. Қазынадан қаржы да бөлініпті.
Жандос Тақыбаев, Наурызбай ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:
- Аталған мәселені біз қадағалап отырмыз. Әкім нақты тапсырмалар берді. Ауыстыру керек құбырларды жаңартамыз. Оған қоса, осы ықшамауданда қордаланған өзге мәселелер де шешімін табады. Ыстық су, жарық, жол, ойын алаңы т.б. Бірақ халық сәл күтуі керек. Жоспар бойынша, жұмыстар 15 қазанда аяқталуы тиіс.
Алайда судың қорлығы өткен шұғылалықтар қазан айына дейін қаталап отырамыз ба деп қапалы. Сондықтан ант-су ішкен атқамінерге құбырларды жаңа оқу жылы басталмай дереу ауыстырып беруді талап етіп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!