{metadescription}
Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары дәрі-дәрмек цехынан уланып жатқанын айтты
Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары дәрі-дәрмек цехынан уланып жатқанын айтты

Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары дәрі-дәрмек цехынан уланып жатқанын айтты

У ма, жоқ жай су ма? Алматы іргесіндегі Ынтымақ ауылының тұрғындары денсаулықтарына алаңдаулы. Оған себеп – елді мекендегі ірі фармацевтикалық өндіріс ошағынан сыртқа шығатын сұйықтық. Күдіктенбейін десе, аллергиялық дерт дендеп бара жатқан көрінеді. Оның үстіне кәсіпорынның дәл іргесінде мектеп тұр. Жұрт базыналарын айтқанмен, атқамінерлер де, компания басшылары да құлақ түрмеген. Бұл мәселеден хабардар әкімдіктің айтар өз уәжі бар.

Ынтымақ ауылында алғаш фармацевтикалық өндіріс ошағы ашылғанда тұрғындар ерекше қуанды. Өйткені, көбі осы жақтан жұмыс тапты. Енді, көпшілік бұл кәсіпорыннан қалай құтыларын білмей отыр. Себеп, стерилизатор, яғни бактериядан тазартатын құрылғыдан шыққан сұйықтықтың далаға жайылуы-дейді.

Мәдина Дуалбаева, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

- Бері қарай осының бәрін ағызады. Ол судың бәрі – химикат. Үш жылдан бері өзімде де аллергия. Екінші баламда да аллергия бар. Осы «Дольчаның» стерилизаторынан болды.

Стерилизатордан бөлек, өндіріс аумағындағы ауаны жұтқанда қышқыл тартуы да тұрғындардың төбе шашын тік тұрғызған. Қолды бір сілтеп, сақтанып кәсіпорыннан аулақ жүрудің де жөні жоқ. Өйткені, әкімдік дәл іргеден бірнеше жыл бұрын мектеп салған. Ата-аналар балалары оқуды тәмәмдаймын дегенше, денсаулығын құртып алмаса екен деген ойдың жетегінде.

Динара Әбдірахманова, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

- 2013 жылы осы жерде үш айдай жұмыс істедім. Сол кезде қатты әлсіреп, мазам болмаған соң жұмыстан шығып кеттім. Мына жерде мектеп бар. Оның үстіне, ана жерден стерилизацияның суын ағызады. Талабымыз – мұны алып кетсін!

Бану Мырзахметова, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

- Стерилизация жасайды. Оның ішінде 20-дан аса баллон бар. Сол баллон жарылған жағдайда халыққа қауіп төнеді. Мысалы, Арыстың кебін кимесек, одан бері боламыз деп айта алмаймын. Заң бойынша, ауылдан пәленбай шақырым жерде тұруы керек екен. Ашық алаңқайда болуы керек екен. 

Фармацевтикалық компанияның құрылтайшысы шетелде демалыста болып шықты. Мекеме заңгері бір айдан кейін бір үстелде бас қосып, өгізді де өлтірмеудің, арбаны да сындырмаудың амалын табамыз деп сендірді.

Салтанат Қорғасбекова, фармацевтикалық компанияның заңгері:

- Рұқсат қағаздарымыздың бәрі бар. Әрі бұл кісілермен сөйлесуге біз қарсы емеспіз. Керек болса, тағы да сөйлесуге дайынбыз. Олармен ерегісу ойымызда жоқ.

Бір қызығы, әкімдіктің өндіріс ошағының дәл іргесінен жер жетпегендей мектепті соғуы. О баста жағдайдың бұлайша ушығарын ешкім білмесе керек. Атқамінерлер, стерилизаторды басқа аумаққа міндетті түрде ауыстырамыз деген жауап берді.

Дәулетхан Жетеуов, Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Халықтың шағымы бойынша стерилизаторды алу, басқа жерге ауыстыру жөнінде біз сөйлесіп жатырмыз. Қазір соған жер қарастырудамыз. Ауылдың сыртынан аса көп көлемде емес, 10-20 сотықтай жер керек.

Дау болған стерилизатордың нақты қашан көшетінін әкімдік әзірге дөп басып айта алмайды. Өйткені, компания өкілдерімен келісімге келу қажет. Оған дейін тұрғындардың бұл проблемаға көнулерінен басқа амалы жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде