Атыраудағы Махамбет театрының өрттен кейінгі жағдайы: әртістер сыпыртқы ұстап жүр
Атыраудағы Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары қылмыстық кодекстің «өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау» бабы бойынша жүргізілмек. Ал театрдың өзінде тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Оған әртістермен бірге еріктілер де атсалысуда.
Автор: Жанар Низамутдинова
23.08.2019
Кешегі алапат өрттен кейінгі театрдың мына сиқы әлдебір қойылымға дайын тұрған декорация секілді. Әдетте образға еніп, сахнадағы рөлін сомдауға дайындалып, жанталасып жүгіріп жүретін әртістер де қолдарындағы сценарий жазылған қағаздарын бұл жолы күрек пен сыпыртқыға ауыстырып, тазалық жұмыстарына білек сыбана кіріскен.
Қызмет ететін қара шаңырақтары өртеніп, қажетті біраз дүниені қызыл жалын күлге айналдырса да, қызметкерлер оптимистік сезімнен айырылмапты. Олардың айтуынша, театрдың негізгі деген бөліктері зардап шекпеген. Сахнаның төбесінің бүлінгені болмаса, көрермен залындағы орындықтар, киім-кешек, құжат дін аман. Тіпті алдағы театр маусымы да жоспарланған кезде ашылмақ.
Берік Жәменов, Махамбет атындағы Атырау облыстық театрының директоры:
- Бұйырса, 1-2 күнде жарық жүйесі қосылады. Ары қарай бәрі жоспар бойынша болады. Яғни алдағы маусым қыркүйектің 19-ында ол ашылады. Театрдың негізгі заттарына, киім-кешекке оншалықты зақым келген жоқ. Енді дыбысты, жарықты электр қуатын берген соң қараймыз. Негізі, оларға да зақым келген жоқ. Негізгі зал, сахна, әртістердің жұмыс істейтін жері, боянатын бөлме – бәрі бұрынғы қалпында.
Ал әзірге театр ғимараты толық қалпына келгенше әртістер 100 кісілік кіші залда қойылымға дайындықтарын жалғастыра бермек.
Бұл екінші қабатта орналасқан театрдағы декорация залы. Мұнда суретшілердің барлық заттары сақталған. Қызметкерлердің айтуынша, сахналық киімдер өрттен аман қалғанымен, декорацияға қажетті жабдықтары түгелдей жанып кеткен. Болжам бойынша, өрт осы қабаттың астындағы электр торабынан басталып, лезде екінші, үшінші, төртінші қабаттарға жайылған.
Жалпы, 2000 шаршы метрге жуық аумақты жарпыған қызыл жалынның нақты неден тұтанғанын енді арнайы құрылған жедел штаб пен құзырлы орындар анықтауы тиіс.
Дәулет Аймағамбетов, Атырау облысы прокуроры аға көмекшісінің міндетін атқарушы:
- Полиция департаментінің ең тәжірибелі тергеушілерінен жедел тергеу тобы құрылды. Тергеу барысында өрт тұтануының ықтимал себептері анықталады. Казіргі уақыта іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, қосымша мамандар қатыстырылуда.
Айта кетейік, тетардың кезекті ашылу маусымы 19-шы қыркүйекке жоспарланған. Басшылықтың сөзіне сенсек, жөндеу жұмыстары бұдан да ертерек мерзімде түгелдей аяқталатын көрінеді. Өйткені бұл істі облыс басшылары да өз бақылауына алып, жеделдетуге жұмыстанып жатқан көрінеді. Сондай-ақ, мәдениет пен өнерді құрметтейтін атымтай жомарт азаматтар да қол ұшын созатынын жеткізіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!