Туыстарының келісімі бойынша. Тянь-Шаньда жоғалған альпинистерді іздеу жұмысы тоқтатылды
Тянь-Шаньда із-түссіз жоғалған альпинистер сол күйі табылған жоқ. Бүгін Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевті іздеу жұмыстары түбегейлі тоқтатылды. Сөйтіп, Жеңіс шыңын бағындыруға кеткен альпинистерді құтқару тобы Алматыға қайтып оралған. Олар дүйсенбіден бері тау төңірегін тікұшақпен 22 рет шолып шығыпты. Алайда не адам іздері, не мәйіттері табылмады.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
23.08.2019
Таудан енді ғана түскен құтқарушылардың көңіл-күйі жоқ. Тянь-Шань тауларының қырғыз жағынан жоғалған альпинистерді іздеумен дүйсенбіден бері айналысқанымен, осыны нәтиже бермеген. Әрі қарай жалғастыру да бос әурешілік дейді. Сондықтан, бүгін Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевті іздеу-құтқару шаралары түбегейлі тоқтатылды.
Аманжол Рахметов, іздеу-құтқару тобының мүшесі:
- 23 тамыз күні туған-туысқандарының келісімі бойынша құтқару операциясы тоқтатылды. Бірақ біз оларды қайтыс болды деп те, тірі деп те мәлімет бере алмаймыз. Өйткені оған көзіміз анық жеткен жоқ.
Құтқарушылар осыған дейін Тянь-Шань бөктерлерін тікұшақпен 22 рет шолып шыққан. Тек із-түссіз кеткендерді жаяу іздеу мүмкін болмапты. Өйткені, биіктіктегі ауа райы қолайсыз. Яғни, қар көшкіні қаупі жоғары. Соның салдарынан, тікұшақтың өзімен күніге 2-3 сағат ұшып өтуге мүмкіндік болған. Кәсіби альпинистер үшін үлкен сынақ болып есептелетін Жеңіс шыңына Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин тамыздың төртінде кеткен еді. Үш дос таудан түсіп келе жатқанда кенеттен қар көшкіні жүреді. Сол кезде альпинистердің бірі - Александр Чечулин қайтыс болған. Бұл туралы Мұрат пен Андрей 8 күн бұрын соңғы рет байланысқа шыққанында айтыпты. Өкініштісі сол, бұдан кейін өздері де ізім-ғайым жоғалды. Болжам бойынша, олар қар көшкінің астында қалған.
Қазбек Уәлиев, Альпинизм және спорттық құзға шығу федерациясының бас хатшысы:
- Адам Жеңіс шыңына ауа райы қолайсыз кезде көтерілсе, оның қар көшкіні астында қалу қаупі жоғары. Сөйтіп, ақ ұлпамен бірге төмен құлдилап, құздың қуысына түсіп кетеді. Ал, Тянь-Шаньда құз өте көп. Менің ойымша, Андрей мен Мұратты 16 тамызда қар көшкіні басып қалды. Олар түскен құздың үстін тонналаған қар немесе мұз басып қалған болуы мүмкін.
Құтқарушылар қар көшкіні қаупі жоғары Тянь-Шаньнан альпинистердің мәйітінің өзін табу екіталай дейді. Мәселен, 1955 жылы Жеңіс шыңын бағындыруға аттанған 11 қазақстандық альпинист дәл осылай ұшты-күйлі жоғалған. Бірақ, олардың мәйіттерін ешкім тапқан жоқ. Ширек ғасыр бұрын осы тауда тағы 4 адам жоғалды. Олар да хабар-ошарсыз.
Ал Мұрат пен Андрейдің бала-шағасында үміт оты әлі өшпеген. Олар жақындарының бұл саладағы тәжірибелілігіне сеніп отыр. Себебі, із-түссіз кеткен екеу бұған дейін 7 мың метр биіктікті бірнеше рет бағындырған.
Шахаризада Шахбұтова, М. Өтепбаевтың әйелі:
- Біз әлі де жақсылыққа сенеміз. Олар қайтып оралады деп үміттенеміз. Ал, іздеуге ат салысқан мамандарға үлкен алғыс. Олар бар күштерін салды.
Айта кетейік, Жеңіс шыңы - әлемдегі ең қауіпті шыңдардың бірі саналады. Оған көтерілу басыңды қатерге тігумен бірдей.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!