Соттасқан қос тарап елордалықтарды газсыз қалдырды
Елордалықтарға арман болған газ биыл жетпейтін болды. Өйткені бас қалада көгілдір отынды тарататын екі стансаның құрылысы әлі басталмаған. Газ тарту жұмысын кешіктірген Нұр-Сұлтан әкімдігін бүгін Энергетика министрі сынға алды.
Автор: Досжан Маратұлы
28.08.2019
Қанат Бозымбаев, Энергетика министрі:
- Жол картасында құрылыстың сәуір айында басталып, осы жылдың желтоқсанында аяқталатыны жоспарланған. Бірақ, сіздер бірде-бір нысан бойынша жұмысты бастаған жоқсыздар. Біз республикалық бюджеттен сіздерге 2,7 млрд теңге бөліп, жергілікті бюджетке аудардық. Бұл қаражаттың бір тиыны да игерілмей жатыр.
Құрылысы созылған стансалар Қызылорда-Жезқазған-Теміртау-Қарағанды арқылы Нұр-Сұлтанға жеткізілетін газды қалаға тарататын орталық болуы тиіс еді. Енді ол келер жылы бір-ақ салынбақшы. Оның үстіне әкімдік жылу қазандықтарына жаңғырту жұмыстарын жүргізбеген. Елорданы көмірмен жылытатын олар да келер жылдан бастап көгілдір отынға ауысуы керек болған. Ал Нұр-Сұлтан әкімдігі газ тарту ісінің созбалаңға салынуына мердігер компанияны кінәлап отыр. Айтуынша, олар жобалық сметалық құжатқа көңілі толмай, станса салудан аяқасты бас тартыпты. Қазір екі тарап соттасып жатқандықтан құрылыс мерзімі созылып кеткен. Енді бас қалаға көгілдір отын келесі жылы жеткізілуі тиіс деген жоспар бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!